×

Жемқорлыққа жақын елдер аталды

Коррупцияны кәсіп еткен елдердің жуан ортасынан Қазақстанды да көруге болады

 Дастан Жұмабекұлы 03.02.2023 | 13:12
фото: ашық дереккөз

Халықаралық антикоррупциялық қозғалыс жемқорлықты қабылдау индексінің былтырғы қорытынды кесте-көрсеткішін жариялады.

Жемқорлыққа қарсы халықаралық «Transparency International» қозғалысы жемқорлықты қабылдау деңгейін тәуелсіз ұйымдардың бүкіл дүниежүзі бойынша жұмыс істеген сараптамалық бағалары негізінде құрастырады.

Бұл жолы ұйым 13 сараптамалық баға мен сауалнама базасы бойынша 180 мемлекетті қамтыды. Елдерге осы 13 тармақтың әрбірі бойынша 0-ден 100 балға дейін баға қойылды. Мұнда 0 цифры жемқорлықты қабылдаудың ең жоғары сызығын көрсетсе, 100 ең төменгі деңгейді білдіреді.

Биыл жемқорлықты қабылдай қоймаған, оны көп жолатпаған елдер көшін 90 балмен Дания бастады. Одан әрі алғашқы ондықты Финляндия (2-орын, 87 балл), Жаңа Зеландия (3, 87), Норвегия (4, 84), Сингапур (5, 83), Швеция (6, 83), Швейцария (7, 82), Нидерланд (8, 80), Германия (9, 79) және Ирландия (10, 77) толықтырды.

Бұрынғы кеңестік елдер қатарында жемқорлықпен аса көп айналыспаған мемлекет Эстония болып шықты. Ол 74 ұпаймен 15-орыннан көрінді. Балтық бойының қалған екі мемлекеті де бұдан кейінгі орынды алған. Атап айтқанда, 62 ұпай жинаған Литва 33-орыннан табылса, 59 ұпайы бар Латвия 39 орында мәреге жеткен. Әрі қарай Грузия (42, 56), Армения (63, 46) қатарынан орын алған, ал қалғандары біртіндеп төмен қарай сырғи береді. Атап айтқанда, бұдан соң 39 балмен Беларусь 92-орыннан көрінсе, сонша ұпайлы Молдова 94-тұғырға жайғасқан. Ал небәрі 36 балл алған Қазақстан – 104-сатыға орналасса, 33 балл еншілеген Украина – 122-ші, 31 балға жеткен Өзбекстан – 130-шы, 28 балы бар Ресей – 140-шы, 27 балды Қырғызстан – 141-ші, 24 балл жинастырған Тәжікстан – 157-ші, 23 балл алған Әзербайжан – 158-ші, 19 балл ғана тапқан Түрікменстан 171-ші орындарға табан тіреген.

Соңғы орындарда Венесуэла (177-орын, 14 балл), Оңтүстік Судан (178, 13), Сирия (179, 13) және Сомали (180, 12) елдері орналасқан.

Зерттеу қорытындысында елдердің үштен екі бөлігі екі жыл қатарынан 50-ден төмен балл жинаған. Тұтастай алғанда, Transparency International ұйымының бағалауынша, 180 елдің 122-і жемқорлыққа жақын екен. Тек 58 мемлекет қана коррупцияға оншама дес бермеген. Бұл шек 58-орындағы Маврикиймен аяқталады. Посткеңестік елдер арасынан оның шеті Грузиямен тәмамдалады. Әрі қарай кілең жемқорлықты кәсіп еткен елдердің шеруі басталып кетеді. Өкінішке қарай, Қазақстан да осы шеңбердің ішінде. Оның соңында 76 ел ғана бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама