×

Атырауда қылмыстық топтан 1 келіден аса синтетикалық есірткі тәркіленді

Олар жеңіл пайда табу мақсатында Тараз қаласынан Атырау қаласына арнайы барған

 Динара Амантай 03.02.2023 | 13:05
Фото: polisia.kz

Атырау полицейлері қылмыстық топтан бір келіден астам синтетикалық есірткі тәркіледі, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 26 қаңтарда Атырау облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасы кезінде аса ірі көлемде синтетикалық есірткі сатумен айналысқан 5 адамнан құралған қылмыстық топтың заңсыз әрекетін әшкереледі.

Топтың құрамындағы кәмелетке толмаған 17 жастағы күдіктінің алаяқтық дерегі бойынша мемлекетаралық іздеуде тұрғаны анықталды.

Ұсталғандар Тараз қаласының 29, 22,19, 18, 19 жастағы тұрғындары болып шықты.

Тексеру кезінде олардан 1,2 келі, яғни 4 мыңға жуық дозаны құрайтын синтетикалық есірткі заты, сондай-ақ 2 электронды ас үй таразысы, 7 электр таспасы, фольга және тағы да басқа заттар анықталып, тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген есірткінің мефедрон екені анықталды.

Олар жеңіл пайда табу мақсатында Тараз қаласынан Атырау қаласына арнайы барған. Дәлелдеме ретінде қылмыстық топтың ақшалай қаражатты туыстарының атына аударып, иемденіп отырғандары анықталды.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 297-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процесстік кодексінің 201-бабына сəйкес жариялауға жатпайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама