Оларды полиция 3 күн іздеген
Түркістан облысында жоғалып кеткен 2 жасөспірім табылды, деп хабарлады Polisia.kz.
Түркістан қаласының полиция басқармасына жалғызбасты аналар хабарласып, көмек сұраған. Олардың айтуынша, біреуінің 10-сынып, екіншісінің 9-сынып оқитын қыздары 29 қаңтарда үйлерінен шығып, қайта оралмаған.
Қыздарды табу үшін тәжірибелі полицейлер іздестіру жұмыстарын жүргізді. Түркістан қаласында орналасқан ойын-сауық орындары, қонақ үйлер тексерілді.
Тәртіп сақшылары жасөспірімдерді 3 тәулік бойы іздеді. Олар облыс орталығындағы 1-шағынаудандағы жалдамалы пәтерден табылды. Осылайша, оқушы қыздар отбасына қайтарылды.
Полиция 2 жасөспірімнің пәтерді жалға алғанын, 3 күнде сонда тұрғанын анықтады.
Бүгінде оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр.