Базар басшысының айтуынша, оның ішіне коммуналдық қызмет ақысы да кіреді
Алматыдағы Барыс-4 базарының кәсіпкерлері наразылыққа шықты. Қазір олар ет сататын 2 метрлік орынға 100 мың теңгедей төлейді. Табысымыз бірден 2 есе көтерілген жалдау ақысын жабуға кетеді дейді сатушылар.
Ал сауда орнының әкімшілігі мәселені бір айда шешеміз деп отыр. Кезінде 2 метр орынға 56 мың теңге, ал былтырдан бастап 100 мың теңгедей төлеп келген 56 жеке кәсіпкер оларға ескі бағаны қайта бекітсін деген талап қойды. Өйткені қалада ет сататындар көбейіп, сатып алушылар азайған.
Базар басшысының айтуынша, жалға алу құнының ішіне негізінен коммуналдық қызмет ақысы да кіреді.
Бұл кісілердің бізбен 97 мың 500 теңгеге келісімшарты бар. Сол 97 мың 500 теңгеге коммуналдық қызмет, суы, тоғы, дезинфекция, тоңазытқыш, таразы, кәріз суы кіреді. Коммуналдық қызмет ақысы бұрын бөлек төленетін. Қазір соны қосып, бір соманың ішіне кіргіздік, - дейді Барыс-4 базарының директоры Жанат Темірғалиев.
Дегенмен ол жалдау ақысын бір айдың ішінде реттейтінін жеткізгенмен, қаншалықты арзандайтынын ашып айтпады.