×

«Бәріне дайын болуымыз керек»: Түркістан облысында 20 елдімекенді су басты

204 адам қауіпсіз жерге эвакуацияланды

 Айгерім Таубай 03.02.2023 | 10:56
Фото: ТЖМ

Түркістан облысында бес ауданда 20 елдімекенді су басты. Бұл туралы Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Запаров мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Барлығы бес ауданда 20 елдімекенді су алды. 27 көше мен 234 үйдің ауласына су кірген. Жергілікті атқарушы органдар және төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері 204 адамды қауіпсіз жерге эвакуациялады. 790 ұсақ мал шығарылды. Бәйдібек ауданында 36 мал қырылды деген хабар түсті», - деді Бақытжан Запаров.

Оның айтуынша, облыс аумағында әлі қауіп бар.

«Төле би, Қазығұрт ауданында әлі қар жатыр. Ол жақта жаңбыр жауған жағдайда төтенше жағдай болуы мүмкін. Дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыстар 10 қаңтарда басталды. Сол себепті шығын көп болған жоқ. 10 күнде жауатын жауын-шашын бір күнде жауды. 2-4 ақпан арасында жаңбыр жауады деген болжам жасалды. Барлығына дайын болуымыз қажет», - дейді ол.

Айта кетейік, 2023 жылдың 2 ақпанында Түркістан облысында су тасқыны басталды. Түркістан облысында ТЖМ республикалық жедел штабы ұйымдастырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама