Жұрттың әкімдіктен соны қоршауды талап етіп келе жатқандарына 10 жылдай болған
Атырау облысында Құрманғазы ауданының тұрғындары 5 ауылдың малы кәріз суын ішіп жүргенін айтып, дабыл қақты. Олардың әкімдіктен кәріз алаңын қоршауды талап етіп келе жатқандарына 10 жылға жуық уақыт өткен көрінеді. Бірақ ешкім құлақ аспаған.
Шароннан басқа жерде су жоқ. Осы 5 елді мекеннің малы түгел боқкөлден су ішеді. Ауданның, ауылдың әкімі халықтың тілегіне құлақ асып жатқан жоқ. Қоршаймыз деп бірнеше рет уәде бергенмен ешқандай жұмыс істеп жатқан жоқ, - дейді Құрманғазы ауданының тұрғыны Уахит Масалов.
Ал әкімдіктегілердің айтуынша, ол аумақ кәріз суына арналмаған. Топырақты бөгет салғанымызға қарамастан, заңсыз төгу тоқтамай отыр дейді олар.
«Ол жерлерді ауыр техниканың күшімен жауып тастаған болатынбыз. Алайда кейбір тұрғындар өз күштерімен жол салып алып, төгіп жатыр. Қазір әкімшілік полиция бөлімі арқылы шаралар қабылдануда. Жалпы, құжаттары биыл бір-ақ жасалды. Соны қоршауға есеп-қисап дайындап жатырмыз. Ол алдағы кезекті бюджеттік нақтылауға ұсынылады», - деді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Шынболат Мусин.