×

Астана маңында оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан сарбаздың отбасына 2 млн теңге берілді

Сарбаз 18 қаңтарда оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезінде қайтыс болды

 Айгерім Таубай 02.02.2023 | 15:20
Фото: Sputnik / Владимир Астапкович

Астана маңында парашютпен секіру кезінде қаза тапқан сарбаздың отбасына қаржылай көмек көрсетілді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, қайтыс болған сарбаздың отбасына жерлеу рәсімі үшін 276 000 теңге (80 АЕК) және бір реттік төлем ретінде 1 725 000 теңге (500 АЕК) әлеуметтік көмек төленді. Бұл сома  «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес белгіленген.

Сондай-ақ Қарулы күштердің құрлық әскерлерінің бас қолбасшылығы басқармасы мен әскери бөлім атынан материалдық көмек көрсетілді, - делінген Halyq Uni жолдаған ресми сауалға берілген жауапта.

Алайда нақты қанша сома көмек көрсетілгені айтылмаған. Сонымен қатар Қорғаныс министрлігі марқұмның отбасына үнемі қамқорлық жасалатынын мәлімдеді.

Айта кетейік, 2023 жылдың 18 қаңтарында Астана маңында парашютпен секіру кезінде мерзімді қызметтегі сарбаз қаза тапты. Ол парашютпен жоспарлы секіру бойынша оқу-жауынгерлік тапсырмаларын орындау барысында қайтыс болды.

12 ЖЫЛДА ЖЕТІ АДАМ ҚАЗА ТАПТЫ

Қорғаныс министрлігі ұсынған ақпаратқа сәйкес 2010 жылдың 1 қаңтарынан бері республика бойынша оқу-жаттығу кезінде 7 адам қаза тапты. Бір жағдайда сарбаздың парашюті ашылмай қалған.

Ал сарбаздар оқу-жаттығу барысында қолданылатын парашюттерді сатып алу бойынша өндірушіні Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі таңдайды. Ал қолданыстағы парашюттердің жарамдылық мерзімі – 10-15 жыл.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама