«Бар қазақты байытты»: Қаныш Сәтбаев туралы фильм прокатка шықты
Фильмнің желісіне ғалымның 1926-1934 жылдардағы өмірі негіз болған
2 ақпанда қазақтың белгілі ғалымы, біртуар тұлғасы Қаныш Сәтбаевтың өмір жолын баяндайтын «Қаныш» фильмі отандық кинопрокатқа шықты, деп хабарлайды Halyq Uni.
2021 жылы «Aray Media Group» студиясы «Қазақстан» ұлттық телеарнасының тапсырысы бойынша алты сериялы «Қаныш. Қазына» телехикасын түсірген болатын. «Қаныш» фильмі сол телесериалдың негізінде жасады.
Фильмнің желісіне ғалымның 1926-1934 жылдардағы өмірі негіз болған. Осы аралықта геологтың Қарсақпай жеріндегі ірі тау-кен инфрақұрылымын ашу жолындағы еңбегі суреттеледі. Сондай-ақ қазақ даласындағы аштық арқау болды.
«Сценарий жазушы Медеу Сәрсекенің «Қазақтың Қанышы» романының желісінде түсірілді. Сценарийстер автордың өзімен кезлесіп, керек мәліметтерді алды. Сценарий дайын болған соң, көрсетіп, тіпті айтқан ескертулері бойынша өзгертілді. Ағамыз қолдаған соң ғана түсіру жұмысына кірістік», – деді фильмнің режиссері Ерлан Нұрмұхамбет.
Оның айтуынша, түсірілім Астанада, туған жері Баянауылда, сондай-ақ Жезқазған мен Сәтпаев қалаларында жүргізілді.
Бюджеті туралы айта алмаймын. Бірақ сценарийін жазылып, дайындықтан өткен кезде жобаның ақшасы жетпейтіні түсінікті болды. Өйткені мақсатымыз туған жерінен бастап, 5-6 жерге бару еді. Сериалдың бюджетінде іс-сапарға ақша бөлінбеген. Бұл маған ұнамады, «Қаныш ағаны түсіретін болсақ, туған жерінен бастап, ашқан жерлерін көруіміз керек» деп айттым. Содан кейін жоба жетекшілері жекеменшік компаниялардан көмек сұрады. Көмектесті, бірақ бұл сериалдан кейін кино шығаруларын керек деп шарт қойды. сондықтан сериалдың және киноның сценарийін жаздық. Сериалды түсіріп жатып, кейбір сценаларды киноға дайықтап қайтадан түсірілді. Қиын болды, бірақ қолдан келгенше ұлы тұлғаны көрсетуге тырыстық деп ойлаймын, – деп қосты ол.
Айта кетейік, ғалым туралы сериал мен фильмді жасауға Eurasian Resources Group (ERG) мен «Қазақмыс» холдингі қаржылық қолдау көрсеткен.
«Қаныш аға қазақтың мақтаныш перзенті, мұндай адам 100 жылда бір рет қана туады. Жезқазғанды ашу үшін 15 жыл еңбек етіп, оның мысын дүние жүзіне танытты. Америка мен Африкадан кейін әлемдегі ең ірі мыс кені Жезқазған екенін дәлелдеп кетті. Алаш арыстары бастаған ісін аяқтай алмай, атылды. Қанекең қанша таяқ жесе де, қазақты танытып кетті. Өмірімнің 59 жылын Қаныш ағаға бердім. Жақында ғана Сәтпаев университеті қазақ, орыс және ағылшын тілінде 19 рет Қанекең туралы кітабымды шығарып берді. Қанша шығарсам да, дүкенге түскен бойда сатылып кетеді. Қарап тұрсам, Қанекең мені де байытты, халқын да байытты», – деді премьерада сөз сөйлеген жазушы Медеу Сәрсеке.