«Second hand-тан киінген». Алматыда жұқпалы тері ауруына шалдыққандар көбейді
Дерматологтар киілген киім алудың қауіпті екенін жасырмайды
Алматыда дәрігерге денесінің қызарып, бөртуімен жүгінетіндер көбейген. Олардың дені – жастар. Ал дәрігерлер теміреткі, қотыр, қышыма сынды кесел оларға көбінесе киімнен жұғатынын еске салды.
Дерматологтар жаңа киімді міндетті түрде ыстық сумен жуып, дүкендердегі киім өлшейтін орындарда сақ болуға шақырады. Әсіресе, Second hand дүкендерінен тауар алу қауіпті. Алайда бұл пікірмен ескі киім сатып, пайда табатын дүкен басшылары келіспейді.
Дүкендерге барып келген соң жуынуға, жеке гигиена сақтауға кеңес беремін. Сатып алған киімді үтіктеп, үлкен градуста жуып, тазалау керек. «Соңғы рет қайда болдыңыз, киім киіп көрдіңіз бе, дүкенге бардыңыз ба?» деп сұраймыз. Сонда есіне түсіріп жатады. Науқастардың көбі «дүкенде болдық, киім киіп көрдік» деп айтады, - дейді Алматы тері-венерологиялық диспансерінің дәрігері Бибігүл Кенжебаева.
Дерматологтар қалада қаптап тұрған Second hand дүкендерінен киім алу қауіпті екенін жасырмайды. Өйткені АҚШ пен Еуропадан әкелінетін бұрын киілген жемпір мен жейде әбден ескірген. Оны қандай адам кигені де белгісіз. Алайда Second hand-тан киінетін Денис Кряжев бұл пікірмен келіспейді.
Біріншіден, ондағы киімдер өте сапалы. Матасы да жақсы. Жазда терлемейсің. Еш қорқыныш жоқ. Ал Қытайдың тауарын кисең, денең қышып, мазаң кетеді. Өнімдері сапасыз. Содан ауру жұқтырып алуға болады. Ең бастысы, әр адам жеке басының тазалығын сақтау керек. Сол жеткілікті, - дейді ол.
Бұл ретте Second hand дүкенінің иесі Алла Бороздина да киімдердің арнайы фабрикада жуылып, Қазақстанға тап-таза күйінде жеткізілетінін алға тартып отыр. Еуропа елдерінде ескі киімдерді өткізетін орындар бар. Сол жақта тауарлар іріктеліп, химиялық қоспалармен тазартылатынын түсіндірді ол.
Бәрі алады. Іш киімнен бастап, сырт киімге дейін осы жерден сатып алады. Киімдер арнайы пакетке оралып, таза күйінде келеді. Еуропа елдерінде осы киімдерді жуатын арнайы фабрикалар бар. Сондықтан үрейге бой алдырудың қажеті жоқ. Ауруды басқа жерден де жұқтыруға болады. Бізден киінетіндердің көбі – студенттер. Өйткені олар сапалы әрі әйгілі бренд тауарын тек бізден арзан бағаға алады, - дейді Алла Бороздина.
Жалпы, қазір Алматыда тері ауруына шалдыққан 200 адам есепте тұр. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш тағы 26 науқаспен толығыпты. Дәрігерлердің айтуынша, үсті-басыңыз бөртіп, қасына бастасаңыз, бірден ауруханаға барған дұрыс. Себебі тұрғындардың көбі тері ауруын аллергиямен шатастырып, асқындырып алуы мүмкін.