Біртанов ісі: денсаулық сақтау министрлігінің өкілі сот отырысын кейінге қалдыруды сұрады
Келесі сот отырысы 7 ақпанда өтеді
Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевке қатысты апелляциялық сот отырысына қылмыстық іс бойынша жәбірленуші тарап – денсаулық сақтау министрлігінің өкілі қатыспады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Судья Айбек Әмірғалиевтің айтуынша, жәбірленуші тараптың өкілі Динара Балтабекова денсаулығына байланысты сот отырысына қатыса алмайтынын жеткізіп, сот отырысын кейінге қалдыруды сұраған.
Балтабекованың өтінішіне байланысты судья тараптардың пікірін сұрады. Елжан Біртанов денсаулық сақтау министрлігі өкілі ретінде бір емес, екі адамның қатысуға құқылы екенін еске салды. Сондай-ақ сот отырысын кейінге қалдыру туралы өтінішті қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады.
«Бұл сот процесіне қатысу құқығы денсаулық сақтау министрлігінің екі өкіліне берілген. Министрлік өкілі Темірханов еңбекке жарамсыз екенін дәлелдейтін құжат пен бұл сот процесіне қатысуға қарсы екенін көрсететін құжат ұсынған жоқ. Сол себепті министрліктің сырқаттанып қалған өкілінсіз де сот отырысын жалғастыра беруге болады деп ойлаймын. Сондай-ақ Темірханов сот процесімен бұрыннан таныс», - деді экс-министр Елжан Біртанов.
Олжас Әбішевтің адвокаты Фатима Берсанова да Біртановтың ұстанымын қолдады.
«Балтабекова іске апелляциялық сот процесі барысында қосылған, ал Темірханов бірінші инстанциядағы сотқа да қатысты. Балтабекованың жазылуын күтіп отыра алмаймыз», - деді Фатима Берсанова.
Судья Айбек Әмірғалиев министрлік өкілі Динара Балтабекова бұған дейінгі сот отырысында «денсаулық сақтау министрлігі ешқандай қылмыс немесе құқық бұзушылық жоқ деп есептейді» деген шулы мәлімдемесін түсіндіруі қажет екенін айтты.
Осылайша судья жәбірленуші тараптың өтінішін қанағаттандырды. Келесі сот отырысы 7 ақпанда сағат 15:00-де өтеді.