ШҚО-да 5 ай бұрын жоғалған әйелдің мәйіті табылды
Оның артында 3 баласы қалды
Шығыс Қазақстан облысында полицейлер 5 ай бұрын жоғалып кеткен әйелдің мәйітін тапты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
ШҚО ПД криминалдық полиция қызметкерлері бұрын хабар-ошарсыз кеткен Ұлан ауданы тұрғынының қайтыс болғанын анықтады.
2022 жылдың 16 тамызында жергілікті тұрғын Үлбі полиция бөлімінің кезекші бөліміне өзінің 47 жастағы әпкесі үйден шығып кетіп, оралмағаны туралы хабарлаған. Полицейлер оның Ұлан ауданында тұрып, жұмыс істегенін және 3 баланың анасы екенін анықтаған. Полицейлер аталған деректі тіркеп, дереу жоғалған адамды іздеуге кіріскен. Бес айдан артық уақыт бойы ШҚО полицейлері 47 жастағы жоғалған адамды үздіксіз іздестірді. Барлық полиция бөлімшелеріне оның белгілері мен бағдарлар жолданды.
3 қаңтарда Ұлан аудандық ПБ-ға жеке үйдің ауласынан әйел адамның сөмкесі табылғаны туралы және ішінде жоғалған әйелдің жеке куәлігі бар деген жедел ақпарат келіп түскен. Полиция қызметкерлері келіп, аумақты қарап, қазу барысында іздестіруде жүрген, зорлықпен өлтірілген әйел адамның мәйітін тапқан.
Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында Ұлан ауданы криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері күдіктіні ұстады. Ол өз қылмысын мойындады. Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 99-бабы («Адам өлтіру») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ұсталған адамға қатысты сот күзетпен қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.