×

«Өз-өзін ақтамайды». Қарағандылық шаруалар малдарын жаппай сатуға мәжбүр

Үкіметтен берілетін субсидия 6 жыл бұрын тоқтаған

 Еркеғали Болатұлы 01.02.2023 | 12:10
фото: ашық дереккөз

Жем-шөп қымбат болғандықтан қарағандылық шаруалар малдарын жаппай сатып жатыр, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.

Қазір кебектің бір қабы осыдан бір апта бұрын 1400 теңге болса, қазір 1800-2000 теңгеден сатылып жатыр. Мұндай қымбатшылықты қалталары көтермеген шаруалар жаппай малдарын сойып, етке тапсыруға мәжбүр.

Бүкіл ел сиырын сатып жіберді. Өйткені сүттің, еттің бағасы жем-шөптің бағасымен сәйкес келмейді. Қазір елдің бәрі жылқы ұстап отыр, далаға жаямыз деп. Биыл жаңбыр жауды да қар қатып қалды. Жылқыға да қиын болып жатыр, - дейді Үштөбе ауылының тұрғыны Қаршыға Мұздыбаев.

Үштөбе ауылының қымбатшылыққа наразы 30 шақты кәсіпкері жергілікті әкімдікке жиналып, Үкіметтен мал азығының бағасын реттеуді сұрады.

Қазір ауылда шөп шабатын шабындық та жоқ екен. Барлығын әдеттегідей ірі қожалықтар иемденіп алған. «Шопан ата» агроқозғалысының өкілі Мұхамедқали Бекембаевтың айтуынша, Үштөбеде мал екі есе азайған.

Бір қап кебек 2 мың теңге болса, күніне 10 қап кетеді. 10 күнде ол – 200 мың теңге. 1 айда – 600 мың теңге. Өз-өзін ақтамайды. Жұрт амалсыз малын соя бастады. Үйіңде мал бар ма десе, еріксіз сатып жібердім дейді. Мәжбүрлі түрде сатып жатыр қарапайым халық, - дейді ол.

Ал ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығы мәселені шешу мүмкін емес деп отыр. Айтуларынша, жем-шөп бағасының өсуіне жаппай қымбатшылық себеп болған. Оның үстіне диірменшілерге мал азығының бағасын реттеу үшін Үкіметтен берілетін субсидия 6 жыл бұрын тоқтаған.

1 тонна бидай тартып, 240 келі кебек сатқаннан диірмендер байып кетпейді. Бірақ олар тасымалдауының қымбаттауы, еңбек күшінің еңбекақысын көтеруі салдарынан біз кебектің бағасын көтеруге мәжбүр болып отырмыз дейді, - деді облыстық ауыл шаруашылығы ьасқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов.

Енді биыл арпа, бидай мен жем-шөпке 1 млрд теңгеден аса субсидия бөлу қарастырылып отыр. Бірақ ол тек ірі шаруа қожалықтарына беріледі. Қарағандылық шаруалар шағын кәсіпкерлерге де осындай субсидия болса деседі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама