Құралдар ауруды ерте анықтауға және науқастың жағдайын бақылауға мүмкіндік береді
Алтай ауданында аудандық аурухананы тексеру кезінде заң бұзылғаны анықталды, деп хабарлады СИМ Техникалық реттеу және метрология комитеті.
Комитеттің ШҚО бойынша департаменті жүргізген профилактикалық бақылау нәтижесінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы аудандағы ауруханада өлшем бірлігін қамтамасыз етуде заңның бұзылғанын анықтаған.
Заңбұзушылықтар электрокардиографтар, төсек жанындағы мониторлар, КТГ сынды ауруларды диагностикалау мен емдеуде қолданылатын 27 өлшем құралын қолдану кезінде анықталды, - деп жазылған хабарламада.
Электрокардиография жүрек қызметі туралы көптеген ақпарат алуға және жүрек-қан тамыр жүйесіндегі әртүрлі ауруды ерте анықтауға мүмкіндік береді.
Төсек жанындағы монитор – науқастың жағдайын бақылауда ұстайтын көпфункциялды, жоғары технологиялық медициналық құрал.
КТГ – ұрықтың жағдайын ерте анықтайды және босанудың ең оңтайлы әдісін таңдауға мүмкіндік береді.
Тексеру нәтижесі бойынша ауруханаға заңбұзушылықты жоюға нұсқама берілді.