×

Теміртаудағы футзалшылар арасындағы жаппай төбелеске қатысты қылмыстық іс қозғалды

Кінәлілерге 5000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынуы мүмкін

 Халық үні 24.03.2022 | 09:08
скриншот: видео

Теміртау қаласында футзалдан «Наурыз мейрамы 2022» турнирінде жаппай төбелес болды. Турнир 21 наурызда Теміртау қаласының дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде өткен. «Имсталькон» және «Ақ жол» командалары арасындағы ойын соңы жаппай төбелеспен аяқталды. Ойыншыларға жанкүйерлер де қосылып кеткен.

Қарағанды облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, кінәлілерге 5000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

«Сотқа дейінгі тергеу барысында полиция қызметкерлері төбелеске қатысушылардың барлығын анықтады. Турнир әуесқой футзал командалары арасында ұйымдастырылды. Ойын кезінде спортшылардың бірі ереже бұзып қарсылас команданың ойыншысын итеріп жіберді. Мұны көрген команда мүшелері өз ойыншысына жақтасты. Ойын соңы төбелеске ұласты», - делінген хабарламада.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодексінің 293-бабы, 2-бөліміне («Адамдар тобы жасаған бұзақылық») сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Төбелеске қатысушылардың барлығына қатысты сот-медициналық сараптама тағайындау туралы қаулы шығарылды. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама