Үй алмақ болған шымкенттік 7 млн теңгесінен айырылды

Динара Амантай

Оны алдаған 63 жастағы алаяқ бұрын да істі болған

Фото: Halyq Uni

Үй аламын деген шымкенттік 7 млн теңгеге жуық қаражатынан айырылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 22 қаңтарда 13:58-де Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық ПБ-ға жергілікті тұрғын шағымданған. Ол өз арызында бір айдан бергі танысы Шымкент қаласынан мемлекеттік бағдарлама бойынша 2 айдың ішінде пәтер алып беруге уәде бергенін көрсеткен. Осылайша, ол жәбірленушінің 6 млн 650 мың теңгесін алдын ала алаяқтық жолмен иемденіп алған.

Аталған дерек ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігімен («Алаяқтық») сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтау мақсатында барлық қажетті шараларды қабылдап, жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді.

Нәтижесінде тәртіп сақшылары күдікті әйелді қала аумағынан қолға түсірді. Ол Шымкент қаласының 63 жастағы тұрғыны болып шықты. Зейнеткер бұған дейін мұнай саласында жұмыс істеген. Сондай-ақ ұсталған әйелдің бұрын алаяқтық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылып, істі болғаны анықталды.

Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.