Елорда іргесіндегі елді мекенде ұрлық өршіп тұр
Жұрттың жергілікті полицейлерге көңілі толмайды
Ақмола облысының Қосшы қаласында ұрлық көп. Тұрғындар кезекшілік ұйымдасып, үйлерін өздері күзетуге мәжбүр. Өйткені полицейлерден көңіліміз қалды дейді.
Соңғы уақытта Қосшыға қоныстанушылардың қатары едәуір артқан. Қазір солардың дені ұрының құрбанына айналып отыр. Мысалы, бірнеше ай бұрын Диляра Каукенова атты тұрғынның үйіне деп әкелген құрылыс заттарын ұрлап кеткен. Келтірілген шығын шамамен 1 миллион теңгеден асады екен.
Ұры есікті бұзып кірген. Құрылыс материалдары мен тоқ сымдарын ұрлады. Полиция шақырдық. Бірақ полиция бізге «арыз жазбаңыздар, әйтпесе полицияға қайта-қайта шақыра береді, оны қайтесіздер, кеткен зат кетті, табылмайды» деп кеңес берді, - дейді Диляра Каукенова.
Осы мәселе бойынша жиналып, «Астана» телеарнасына шағымданған өзге де жұрт жергілікті полицейлерге көңілі толмайтындарын айтқан.
Бір айда 4 ұрлық болды. Ал 4 айда 10 ұрлық болып отыр. Бір адамды да тауып жатқан жоқ. Бізге полицейлер жетіспейді. Олар бізде штат аз деп сылтауратады. Бірақ біздің не кінәміз бар? Өмірімізді қалай сақтаймыз? Соны полицейлерге жеткізе алмай отырмыз, - дейді келесі тұрғын Айкенже Әлмұқанова.
Ал полицейлер өздерінің жүйелі түрде жұмыс жүргізіп жатқандарын алға тартып отыр. Былтыр ұрлыққа қатысты 25 жағдай тіркелген.
Барлық факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Қабылданған шаралардың негізінде 8 пәтер ұрлығы ашылып, кінәлілер жауапқа тартылды. Қалған қылмыстар бойынша күдіктілерді анықтау жедел іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр, - деді Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнара Темірханқызы.
Ал тұрғындар қорқыныш сейілу үшін көшелер жарықтандырылса және бейнекамералар орнатылса дейді.