Алматыда бір жылда 8 701 адам жерленген
Алматыда 30 зират жабылады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев тұрғындармен кездесу кезінде мәлімдеді. Halyq Uni қала әкімдігіне ресми сауал жолдап, қай жердегі зираттар жабылатынын, оның орнына не салынатынын сұрады.
Алматыда қазір 70 зират бар. Олардың жалпы аумағы – 764,47 гектар.
Қалада жабылғалы жатқан зираттардың жалпы аумағы – 70,11 гектар. Олардың ішінде 15 мұсылман зираты, 10 христиан зираты және 4 аралас зират бар.
Алатау ауданында жалпы аумағы 1,91 га 4 зират, Бостандық ауданында аумағы 22,53 га 6 зират, Медеу ауданында 20,68 га жерді алып жатқан 7 зират, Жетісу ауданында аумағы 1,94 га екі зират, Түркісіб ауданында 1,94 га жердегі бір зират, Наурызбай ауданында 70,11 га жерді алып жатқан 9 зират жабылады.
Қалада жерлеу қызметімен айналысатын Алматы қаласы «салттық қызмет көрсетудің арнаулы комбинаты» компаниясы ұсынған ақпаратқа сәйкес, жабылғалы жатқан зираттарда орта есеппен 100-150 мың мәйіт жерленген.
«ЗИРАТҚА ҚАТЫСТЫ ЗАҢ ЖОҚ»
Жабылғалы жатқан зираттарда мәйіт жерлеуге орын қалмаған. Алайда жабылғаннан кейін де ол жерге мәйіт жерлеуге болады. Себебі бір кездері туысының жанынан орын алып қойғандар да бар. Бұл туралы Алматы қаласы «салттық қызмет көрсетудің арнаулы комбинаты» компаниясы директорының орынбасары Марат Ысмайылов айтты.
«Бізде заң жоқ. Заң болмағандықтан, зиратты жапса да, оның ішіне жерлеуге болады. Қаланың ішінде 70 зират бар. Мұның алдында 2011 жылы қаулы қабылданып, 21 зиратты жауып тастады. Қазір бар-жоғы 19 зират жұмыс істеп тұр. (...) Ресейде жерлеуге қатысты заң бар. Зиратты үшке бөліп қарастырады: жабылған (закрытый), жұмыс істемейтін (недействующий) және ашық (действующий). Бізде бұлай бөлмеген. Бізде жабық деп кеңейтетін жері жоқ, жерлеуге бос орын қалмаған зиратты айтады», - дейді Марат Ысмайылов.
Ысмайыловтың айтуынша, қала бойынша шамамен 9 зиратқа ондаған жыл бойы адам жерленбеген.
Жері де таусылған, 1970 жылдан бастап адам жерленбеген зираттар бар. Оның ішінда адамдардың алдын ала алып қойған орны бар. Бір адамды жерлеп, жанынан әке-шешесі, туыстарына орын алып қойған, - дейді ол.
40 ЖЫЛДАН КЕЙІН САЯБАҚ САЛУҒА БОЛАДЫ
Зиратқа ең соңғы адамның жерленгеніне 40 жыл өткен соң ол жерді жоюға болады.
Қаланың ішінде бір кездері зират болып, кейін саябаққа айналған жер көп. 28 гвардияшыл-панфиловшылар саябағы, Family Park саябағының орны да бұрын зират болған. Зираттың орнына тұрғын үй салуға болмайды, тек гүлзар мен саябақ салады, - дейді Марат Ысмайылов.
Оның айтуынша, зиратты жою кезінде ол жерге жерленген азаматтардың туыстарынан рұқсат алынбайды.
«Зират толғаннан кейін ол жерге қайта қалпына келтіру (рекультивация) жұмыстары жүргізіледі. Қоршаулар мен тастарды алып тастайды. Оған рұқсат алмайды. Қала әкімінің қаулысы қажет. Ал ол жердегі сүйектер ешқайда шығарылмайды, сол жерде қалады», - дейді Марат Ысмайылов.
Алматы қаласы әкімдігі де зират жабылғаннан кейін 40 жыл өтпей жерді пайдалануға болмайтынын мәлімдеді.
40 жыл өткен соң жабық зираттар өңірлердің аумақтық дамуы және қалалық, аудандық елдімекендердің бас жоспарын әзірлеген кезде анықталады әрі ескеріледі. 40 жыл өткен соң жойылған зираттар жерлерін қоғамдық пайдалану үшін жер телімі ретінде қолдануға болады, - делінген әкімдік жауабында.
АЛМАТЫДА ЗИРАТ АШАТЫН ОРЫН ЖОҚ
Алматы қаласының зираттарында 2022 жылы 8 701 адам жерленген. Коронавирус инфекциясы өршіп тұрған кезде бұл цифр әлдеқайда көп болды. Марат Ысмайыловтың айтуынша, 2020 жылы 10 мыңнан аса адам, 2021 жылы 13 мыңға жуық адам жерленді.
Алматыда зират ашатын жер жоқ. Қазір қаладағы «Батыс» зират пен «Кеңсайда» ғана орын бар. Шамамен алғанда «Батыс» зиратта бос жатқан 40-50 гектар жер бар. Ол алдағы 6-7 жылға жетеді, - дейді Ысмайылов.
Айта кетейік, коронавирус пандемиясы өршіп тұрған кезде Алматыда крематорий салынатыны хабарланды. Ресми ақпаратқа сәйкес, жоба құрылысы 2023 жылдың бірінші тоқсанында толық аяқталып, пайдалануға беріледі.
Крематорий Алатау ауданында екінші жылу энергия орталығы маңында патологоанотомиялық бюро жанынан салынып жатыр.
Алматыдағы крематорий екі ауысыммен жұмыс істеген жағдайда тәулігіне 23-24 кремация (жылына 7 мың кремация) жасауға қауқарлы болады.