×

«Орындалмаған парыз»: 50-ге жуық адамды алдаған алаяқтар ұсталды

Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр

 Динара Амантай 31.01.2023 | 11:13
Фото: polisia.kz

Мекке мен Медина қаласына жалған жолдама сатып, 50-ге жуық адамды алдаған туристік агенттіктің директоры ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 26 қаңтарда Еңбекші аудандық ПБ-ға алаяқтық ісі бойынша ерлі-зайыптылар арызданған. Күйеуі мен әйелі Сауд Арабиясына баруға «Каусар-травел» туристік агенттігі жолдама беруді уәде еткенін жеткізді. Олар өз қызметін 1 млн теңгеге бағалаған. Алайда 13 қаңтарда шетелге ұшуы керек болған ерлі-зайыптылар уәде етілген әуе билеттері мен елден шығу визасын ала алмаған. Компания директоры қоңырауларға жауап бермей, жұмыс орнына іздеп барғанда ол жерде болмай шыққан.

Осындай арыздармен полицияға аталған турагенттіктің алаяқтық құрбаны болған тағы 48 адам жүгінді. Олар – Шымкент және Алматы қаласының тұрғындары. Келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 33 миллион теңгені құрады.

Полиция басқармасында ҚР ҚК-нің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды және тәртіп сақшылары белгісіз бағытта жасырынған компания директорын іздестіруге кірісті. Оны іздеуге 5 күн қажет болды.

Жедел іс-шараларды өткізу барысында Еңбекші аудандық ПБ-ның криминалдық полиция қызметкерлері ер адамның Алматыда жасырынып жүргенін анықтады. Ол Медеу аудандық ПБ қызметкерлерінің көмегімен жалдамалы пәтерлердің бірінде ұсталды. Қазір күдікті сот шешімімен қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Полиция зардап шеккендердің саны артуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Еске сала кетсек, бұған дейін әлеуметтік желілерде әншілер жарнамасын жасаған туристік фирманың жұрттың бәріне сан соқтырып кеткенін хабарлаған болатынбыз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама