Қызметкерлеріне жалақыны уақтылы төлемеген 228 басшы жазаланды

Динара Амантай

Прокурорлар жұмысшыларға 1,5 млрд теңге жалақысын қайтарып берді

Фото: Halyq Uni

2022 жылы прокурорлар уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, 1,5 млрд теңге сомасына 68 кәсіпорындағы 4 мың қызметкердің алдындағы жалақы бойынша борыштарды өтеуді қамтамасыз етті. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Жалақы бойынша берешекті жедел өндіріп алу үшін деректер алмасу жолға қойылды, дебиторлармен жұмыс жүргізіліп, борышкерлердің мүлкін іздеу жүріп жатыр.

Мысалы, «Тамыр» ЖШС компаниялар тобы 243 қызметкерге 60 млн теңге қарыз болған.

Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының ұсынуы бойынша кәсіпорында қарыздар толығымен төленіп, ал жұмыс беруші ӘҚБтК 462-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауапқа тартылған.

Шетелдік жұмыс күшін тартатын шаруашылық жүргізуші субъектілер жұмысшыларының құқықтарын сақтауы жеке бағыт болып табылады.

Ең көп таралған бұзушылық – отандық және шетелдік мамандардың еңбегіне ақы төлеудің теңгерімсіздігі.

Анықталған бұзушылықтар бойынша 66 ұсыну енгізіліп, 228 адам әкімшілік жауапқа тартылды. 72 млн теңге айыппұл салынып, әкімдіктердің араласуымен 266 рұқсат қайтарып алынды және 150 шетелдік азамат елден шығарылды.

Еңбек жағдайларының қауіпсіздігі мәселелері де назардан тыс қалмайды.

Прокурорлардың актілері бойынша 30 мың жұмысшыға жалақыға үстемеақы белгіленді, 600-ден аса қызметкерге өтемақы төленді, қорғау құралдарымен және арнайы тамақпен кезең-кезеңімен қамтамасыз ету басталды, 22 жабдықтың жұмысы тоқтатылды. Әкімшілік жауапқа 226 адам тартылды.