«Салдары қара белгі сияқты». Банкроттыққа 10 мыңнан аса адам өтінім берген

Еркеғали Болатұлы

Оларды қабылдау 3 наурызда басталады

коллаж: Әсел Балтақызы

Қазір елімізде 10 мыңнан аса адам банкроттық туралы заң бойынша көмек алуға өтінім беріп отыр. Бұл туралы бүгін ОҚК-да өткен брифингте Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді.

Оның айтуынша, банкроттық рәсімін жалпы 1,1 миллион адам пайдалана алады.

Бұл әркімнің өз еркінде. «Банкрот» мәртебесі қара белгі сияқты екенін ескеріп, азаматтар салмақты шешімдер қабылдайтынына сенімдімін. 5 жыл несие алуға шектеу қойылып, 7 жыл банкроттар тізімінде тұрады, – деді Ержан Біржанов.

Аталған 10 мыңнан аса адам өтінімді 25 күн ішінде білдірген. Енді оларды қабылдау 3 наурызда басталады.

Бұл ретте Қаржы вице-министрі өзін банкрот деп жариялаған азаматтарды қандай салдар күтіп тұрғанын де ескертті.

Азаматтарға 5 жыл ішінде (ломбардтардың микронесиесін алудан басқа) банктерден және микроқаржы ұйымдарынан кредит берілмейді. Сонымен қатар, 7 жылдың ішінде қайта банкроттыққа жүгіне алмайды. Олардың қаржылық жағдайы банкроттықтан кейін 3 жыл бойы тексеріледі. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру кезінде мұндай салдар қолданылмайды, - деді ол.