×

Министрліктің бұйрығы мыңдаған мұнайшыны жұмыссыз қалдыруы мүмкін

Қазақстанда көліктің кез келген түрімен мұнай өнімдерін әкетуге тыйым салуды енгізу жоспары туралы

 Халық үні 30.01.2023 | 12:00
фото: ria.ru

Энергетика министрлігінің қабылдағалы отырған шешімі Маңғыстау облысында мыңдаған адамды тұрақты жұмысынан айыруы мүмкін. Маңғыстаулық мұнай компаниясының қызметкері Бауыржан Өтесінов әңгімесін осыдан бастап, мәселенің мән-жайын түсіндіріп берді.

Кейіпкеріміздің айтуынша, Энергетика министрлігінің кез келген көлік түрімен мұнай өнімдерін әкетуге тыйым салуды енгізу жоспары мұнайшыларға кедергісін тигізуі мүмкін. Оның уақыты да белгіленген – 4 ай.

Жалпы, қазір мұнай саласындағы қызметкерлердің әртүрлі себеппен наразылық акциясына шығуы жиіледі. Мәселен, жуырда Батыс Қазақстан облысындағы KKC-Sicim жұмысшылары жалақысын кемі 50% өсруді талап етіп, жұмысқа шығудан бас тартты. Олардың уәжін тыңдау үшін шетелдік компанияның басшысы заңгерлерін жібере салмай, Италиядан арнайы келгені хабарланды.

Қай жағдайды алып қарамайық, жұмысшылардың дені әлеуметтік жағдайының жақсаруын талап етіп отыр. Ал, министрліктің аталмыш шешімінен соң мұнай өңдейтін шағын кәсіпорындарда жұмыссыздық мәселесі күн тәртібіне шығуы мүмкін.

Сонымен, Энергетика министрлігі Қазақстаннан мұнай өнімдерінің кейбір түрлерін көліктің кез келген түрімен әкетуге төрт айға дейін тыйым салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы «Ашық НҚА» порталында орналасқан бұйрық жобасында айтылған. Құжат 31 қаңтарға дейін қоғамдық талқылауда болады.

«Қазақстан Республикасының аумағынан мұнай өнімдерін әкетудің кейбір мәселелері туралы» бұйрықтың жобасына түсіндірме жазбада жоспарланған жаңашылдық мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейтіні, ал «жоба қабылданған жағдайда болжамды салдары жоқ» деп көрсетіледі.

Ең алдымен, мұнайды көліктің кез келген түрімен сыртқа шығаруға тыйым салу ішкі нарықта тапшылық туғызуы ықтимал. Мұнай өңдеу зауыттары жылына 300 мың тоннаға дейін мұнай өңдейді. Олар өндіретін негізгі өнімдер – дизель отыны, мазут, пеш отыны, нафта. Сонымен қатар пеш отыны мен нафта түрін МӨЗ-дің өзі көп мөлшерде өндіреді. Осы салада жүрген мамандардың сөзіне жүгінсек, республикада аталмыш мұнай өнімдерінің түрлеріне сұраныс жоқ. Яғни осы себепті шетелге сатылып жатыр. Ал одан түсетін табысты дизель отынына жұмсалатын айналымға жібереді. Ал, дизель отыны ішкі нарықтағы қажеттіліктерді өтейді.

Мамандар осы тізбектің бұйрық енгізілген сәттен бастап бұзылатынын айтып алаңдайды.

«Егер бұйрыққа қол қойылар болса, бұл шағын МӨЗ ретінде жұмыс істейтін барлық зауыттың жұмысына кері әсерін тигізеді. Яғни, бұл олардың жұмысын тоқтатады. Өндірістік циклге қатысатын мердігерлер мен сервистік компаниялардың жұмысына да зияны тиеді. Бұл тек мұнай өңдеу зауыттарына ғана емес, сол сияқты мұнай өңдеу, логистика, сату процестеріне де әсер етеді. Бұл – МӨЗ айналасында қызмет ететін ұйымдардың тұтас тізбегі.

Инспекциялық қызметтер, тасымалдау, ауыстырып тиеу терминалдары, мұнай базалары – осы кәсіпорындардың бәрінде қалыпты экономикалық қызмет бұзылады және түптеп келгенде олардың жұмысы тоқтап қалуы да мүмкін», - дейді компаниялардың бірінің басқарушы серіктесі Фарид Әлиев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама