Пәтерді тұру үшін емес, баю мақсатында қолданғандар да бар
СҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жетім балаларды кезектен шығару фактілерін анықтады. Атап айтқанда, 1 360 бала баспанаға мұқтаждардың тізімінен шығарылып, кезекке тұрмаған 70 адамға тұрғын үй берілген. Бұл туралы «Астана» телеарнасы хабарлады.
Өңірдің қоғамдық кеңесінде Петропавл түрғын үй коммуналдық шаруашылық саласындағы сыбайлас жемқорлық фактілері қаралды. Бөлімнің резервінде 2 889 пәтер тұр. Ал оның тек 747-сінде бөлу бойынша тиісті құжаттама бар. Қалған 1 445 нысанда оларды пайдалануды растайтын құжаттар жоқ.
Мұндай пәтерлерде тұру фактілерін анықтау үшін мониторинг ұйымдастырылды. Тексерілген 70 пәтердің 54-інде жалдау шартын растайтын құжаттары жоқ бөгде адамдар болды, – деді СҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті превенция басқармасының басшысы Дамир Хабибулин.
Баспанаға мұқтаждар арасында тұрғын үйді бөлу үдерісінің заң талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды. Заңнамаға сәйкес, жетім балаларға арналған мемлекеттік қордан тұрғын үй үлесі 20% болуға тиіс. Алайда ол тек 10,9% үлесті құрады. Яғни, жартысы баспана алмаған.
Кезекте жоқ ТКШ бөлімінің қызметкерлеріне пәтер берілген. Мемлекеттік тұрғын үй қорын бақылаусыз пайдалануға жол бермеу мақсатында 1 445 нысанды мұқтаждар арасында бөлу шараларын бұзған адамдарға шаралар қабылдау талап етіледі, – деді Дамир Хабибулин.
Сондай-ақ пәтерді тұру үшін емес, баю мақсатында қолданғандар да бар.
45 адам жекешелендіруден кейін бірден немесе қысқа мерзім ішінде тұрғын үйді сатып жіберген. Мысалы, жекешелендіруден 19 күн өткеннен кейін 3 есе қымбатқа сатқан факті анықталды. Оның ішінде 5,7 млн теңгеге ипотекалық кредиттеу бағдарламасы шеңберінде берілген пәтер 22,2 млн теңгеге сатылған, – деп мәлімдеді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.