Павлодар облысында мас жүргізуші бір жылға бас бостандығынан айырылды
Ол бұған дейін өмір бойы көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған болатын
Павлодар облысында өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылған азамат, қайта рөлге отырып, бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, жыл басынан бері Павлодар облысында мас халде көлік басқарған 54 жүргізуші ұсталған. Жүргізілген алдын-алу шараларына қарамастан, кейбір жүргізуші құқығынан айырылып, мас халде көлік жүргізуді жалғастырып отыр.
Патрульдеу кезінде Ақсу қаласында М. Мәметова көшесінде Volkswagen Golf автокөлігі тоқтатылды. Әңгіме барысында жүргізушіден алкогольдің өткір иісі шыққан. Медициналық куәландыру көрсеткендей, 29 жастағы азамат жеңіл дәрежелі мас болған, – деді Павлодар облысы Ақсу қалалық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің бастығы Арман Рахметов.
Тәртіп сақшысы құжаттарды тексеру барысында бұл жүргізушінің автокөлікті мас халде басқарғаны үшін полицияға бірнеше рет жеткізілгенін анықтады. 29 жастағы азамат алғаш рет 2020 жылдың қаңтарында ұсталған. Өз әрекеттері үшін ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы («Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру») бойынша 3 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған.
Алайда 2020 жылдың сәуір айында ол қайтадан көлікті мас халде жүргізіп ұсталған. Сол кезде полиция ҚР ҚК-нің 346-бабы («Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Сот ер адамды өмір бойы көлік құралдарын басқару құқығынан айыра отырып, бас бостандығын 2 жыл 6 айға шектеген. Бірақ бұл жағдайлар жүргізушіге сабақ болған жоқ. Оны полицейлер тағы да осындай заң бұзушылық үшін тоқтатты.
24 қаңтарда материал қалалық сотта қаралды. Сот барлық материалдарды зерделеп, қаулы етті: ҚР ҚК 346-бабының 1-бөлігі бойынша көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік мас халде көлік құралын басқарғаны үшін жүргізуші 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ол мемлекет кірісіне іс өндірісі шығындарын төлеуге міндеттелді, – деп нақтылады Арман Рахметов.