×

Қазақстанның 842 азаматы шетелдегі түрмелерде жазасын өтеп жатыр

Еліміз 21 мемлекетпен сотталғандарды беру туралы шарт жасасқан

 Айгерім Таубай 30.01.2023 | 11:30
фото: Тимур Батыршин

Қазақстанның 842 азаматы шетелдегі түрмелерде жазасын өтеп жатыр. Бұл туралы елдің сыртқы істер министрлігі Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Қазақстан Республикасының шетелдердегі мекемелерінің ақпаратына сәйкес, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның 842 азаматы шетелде өз жазасын өтеп жатыр, - делінген ресми жауапта.

Қазақстан 21 мемлекетпен сотталған адамдарды беру туралы шарт жасасқан.

Ол елдердің арасында Әзербайжан, Украина, Түрікменстан, Қытай, Испания, Түркия, Италия, Венгрия, Румыния, Үндістан, Иран, Сербия, Сауд Арабиясы, Литва, Иордания, Моңғолия, Бразилия, БАӘ, Оңтүстік Корея, Болгария, Солтүстік Македония бар.

Бас прокуратураның хабарлауынша, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

СОТТАЛҒАН АДАМДАРДЫ БЕРУ ТӘРТІБІ ҚАНДАЙ?

Сотталған адамды берудің тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік кодексiнің 604, 608-бабында көрсетілген. Сондай-ақ Қазақстан ратификациялаған халықаралық келісімдерге сүйенеді.

Жазасын шетелде өтеп жатқан азамат Қазақстанға берілгеннен кейін үкімді орындаушы тарап (Қазақстан) өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес үкім шығарушы тараптың (сотталушыны беруші мемлекет) сот үкімінің орындалуын қамтамасыз етеді.

Яғни сотталған адамды беруші мемлекеттің сот үкімі бойынша тағайындалған бас бостандығынан айыру жазасын тағайындайды.

Егер жасалған қылмыс үшін бас бостандығынан айырудың шекті мерзімі біздің ұлттық заңнамамыз бойынша аз болса, онда Қазақстан соты дәл осындай қылмыс жасағаны үшін көзделген бас бостандығынан айырудың ең жоғары мерзімін белгілейді.

Қабылдаушы мемлекет берілген сотталған адамға қатысты өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес кешірім, рақымшылық жасау актісін қолдануға немесе оған тағайындалған жазаны жеңілдетуге не оны жазасын одан әрі өтеуден босату туралы шешім қабылдауға құқылы, - делінген Бас прокуратура берген ресми жауапта.

Сотталғандарды беру талаптары қандай:

  • Ең алдымен азаматтығы болуы қажет;
  • Кемінде бір жыл жазасын өтейтін уақыты қалуға тиіс;
  • Қос ел де беруге келісуі қажет.

Сотталған адам қандай жағдайда берілмейді:

  • Ел егемендігі мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін болса;
  • Ұлттық заңнамаға қайшы келсе;
  • Қаржылай қарыздары сақталса;
  • Сот процесі немесе тергеу әлі жүріп жатса.

Айта кетейік, 18 қаңтарда Мәжіліс депутаттары Қазақстан мен Өзбекстан сотталғандарды қайтару туралы келісімді ратифицикациялады. Соған сәйкес Өзбекстанда сотталған 20 қазақстандық жазасын өз елінде өтеуі мүмкін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама