Петропавлда ЖЭО директоры мен бас инженері ұсталды

Самат Жақып

Олар қамауға алынды

фото: Экология министрлігі

Петропавлдағы жылу электр орталығында болған апатқа байланысты оның директоры мен бас инжинері ұсталды. Облыстық прокуратура өкілдерінің хабарлауынша олар тергеу изоляторына қамалған.

СҚО прокуратурасының мәліметінше, қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық Кодексінің 254-бабы «Міндеттеріне адал қарамау» бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.

21 наурызда СҚО полициясы «2-ЖЭО» ЖШС директоры мен бас инженерін ұстап, Петропавл қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамады.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында осы іс бойынша барлық мән-жайларды анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіледі. Тергеу барысын облыс прокуроры мен ПД бастығы бақылауға алды. Сонымен бірге облыс прокуратурасы бақылаушы органдардың қызметіне талдау жүргізеді, оның нәтижелері бойынша жауапты лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттеріне баға беріледі», - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік осыдан бірнеше күн бұрын Петропавлдағы ЖЭО-дағы түтін шығатын мұржалардың бірі құлаған болатын. Биіктігі 150 мерт болатын нысанның 40 метрге жуығы әбден ескіріп, опырылып түскен. Апат салдарынан із-түзсіз жоғалған 38 жастағы әйел іздестіріліп жатыр.

Жалпы, бұл жыл басынан бері аталған кәсіпорында болған төртінші апат. Қаңтар айында да аталған жылу электр орталығында қызметкерлердің бірі қаза тапқан еді. Қазір шаһардағы үйлерде температура тұрақталып келеді. Жауаптылардың айтуынша, стратегиялық нысанда он екі қазандықтың төртеуі жұмыс істеп тұр.