Жалпы, рұқсатсыз салынған құрылыстарға қатысты 440 әкімшілік іс қозғалған
Алматы облысында былтыр заңсыз салынған 145 нысан анықталды, деп хабарлады облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы.
Соның бірі – Қарасай ауданының Жібек жолы елді мекеніндегі заңсыз тұрғызылған көлік жуу орны.
Сәулет қала құрылыс қызметінің заңды талаптарын орындамағандықтан хаттама толтырылып, нысанды бұздық. Заң бұзған азамат құрылыс материалдарын өзі бұзып алып жатыр, – деді мемлекеттік сәулет құрылыс инспекциясы бөлімінің бас маманы Шаттық Мәмбетов.
Ал заң бұзған кәсіпкер алаяқтарға сеніп қалғанын айтады.
4 сотық жерді 4 миллион теңгеге сатып алдық. Алаяқтар бұл жер коммерциялық деп сатқан. Сіздер де алаяқтардан абай болыңыздар, мен сияқты алданып қалмаңыздар, – дейді ол.
Жалпы, бұл жолы Алматы облысында жобалау-сметалық құжаттамасыз, авторлық және техникалық қадағалаусыз, сондай-ақ уәкілетті органның рұқсатынсыз салынған құрылыстарға қатысты 440 әкімшілік іс қозғалған. Оның ішінде 149 әкімшілік материал Алматы облысының соттарына іс жүргізу шешімін қабылдау үшін жіберілді. 66 748 896 теңге айыппұл салынды.
Сондай-ақ Алматы облысының соттарына өз бетінше салынған объектілерді бұзу туралы 10 материал жіберілген.