Педагогке қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес шешім қабылданады
Астанада №27 мектеп-лицейдегі 2-сынып оқушысының ата-анасы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі 8 жасар қызын итеріп, оған айқайлағанын жеткізді. Бұл туралы stan.kz хабарлады.
Спорт залдағы бақылау камерасына түсіп қалған ол жайт әлеуметтік желіге тарап кеткен.
Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі қызыма қатыгездік танытты. Бірақ полицияға жүгінген кезде олар іс қозғаудан бас тартты. Біз Білім басқармасы мен мектепке жүгіндік. Одан бәрі қорқа ма, әлде біреудің туысы ма, осындай жағдай бірнеше рет қайталанса да іс жылы жабылады, – дейді қыздың анасы.
Ал кеше Астана қаласының полиция департаменті бұл жағдай туралы арнайы түсініктеме берді.
Биыл 24 қаңтарда сағат 17.22-де елорда тұрғыны қалалық мектептердің бірінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі оның 8 жасар қызын итеріп, айқайлағанын хабарлады. Бұл факті бойынша тексеріс жүргізіледі.
Кәмелетке толмағандарға қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оның нәтижесі бойынша педагогке қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес шешім қабылданады», – деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.