Банк қызметкері алаяқтық жасағаны үшін сотталды

Динара Амантай

Ол үш ай ішінде клиенттердің атына 19 несие рәсімдеген

Фото: Halyq Uni

Астанада банк қызметкері алаяқтық жолмен клиенттердің атына несие рәсімдеген, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қалалық соттың мәліметінше, Сарыарқа ауданының №2 аудандық соты аса ірі мөлшердегі алаяқтық фактісі бойынша банк менеджеріне қатысты айыптау үкімін шығарған.

Анықталғандай, сотталушы өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, үш ай ішінде ештеңеге күдіктенбеген азаматтарға жалпы сомасы 22 млн теңгеден аса 19 Банктік қарызды алаяқтық жолмен рәсімдеген.

Ол өз кінәсін ішінара мойындап, алаяқтықтың кейбір эпизодтары бойынша оны ақтауды және оған бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.

Сот айыпталушыға банк саласындағы қызметпен және жеке, заңды тұлғалардың қаражатын тартуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан 5 жыл мерзімге айыра отырып, 6 жыл мерзімге нақты бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындады.

Одан банктің пайдасына 14 млн теңгеден аса мөлшерде материалдық залал өндіріліп алынды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.