Астанада мас жүргізуші жол ортасында ұйықтап қалған

Динара Амантай

Ол 7 жылға көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды

Фото: Halyq Uni

Елордада жолдың ортасында ұйықтап қалған мас жүргізуші жазаланды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Патрульдік полиция полкінің қызметкерлерімен «Мас жүргізуші – қылмыскер!» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жүргізілген рейд барысында түнгі уақытта Айтматов көшесінің бойында тура жолда тұрған KIA CARENS автокөлігі байқалды. Аталған көлік полицейлердің күдігін туғызған. Медициналық тексерудің қорытындысы бойынша ер адамның орта дәрежедегі масаң күйде болғаны анықталды.

Жүргізушіге көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабына («Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру») сәйкес әкімшілік іс қозғалды.

Сонымен қатар құқық бұзушы әкімшілік соттың шешімімен 20 тәулікке қамаққа алынып, 7 жылға көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды.

Астана қаласы ПД бастығының бірінші орынбасары Дәурен Қазбековтың айтуынша, полицейлер жыл басынан бері 139 мас жүргізушіні анықтаған, оның ішінде 9 жүргізушінің бұрын көлік құралдарын басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды.