Halyq Uni логотип
×

Қиғаш өзенін тереңдетпесе, балықшылар теңізге шыға алмай отыр

Балықшылар Тоқаев пен облыс әкіміне үндеу жасады

 Айнұр Асылбекқызы 20.03.2022 | 16:08
Қиғаш өзенін тереңдетпесе, балықшылар теңізге шыға алмай отыр
скриншот: видео

Атырау облысы Құрманғазы ауданында балықшылар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа және облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовке видеоүндеу жолдады. Видеоны 16 наурызда теңізге шығар кезде балықшылар түсірген. Сол күні олар мінген қайық судың таяздығынан теңізге қарай жүрмей тұрып қалған. Су тереңдігі - 15-20 см.

Балықшылар теңіз жағалауы жиегіндегі тереңдету жұмыстары неге тоқтап тұрғанын түсінбей дал. Олар бұл мәселені қазірден қолға алмаса, өңірдегі балық шаруашылығы тұралап қалатынын айтады.

«Егер бұл жұмыстарды жүргізбесе, ауданда каналдар мен өзен тармақтары бітеліп, құрғап, үстіне қамыс өсіп кетеді де, өңірдің табиғатына, экологиясына нұқсан келеді. Екінші жағынан балық шаруашылығын құлдыратып жібереді», - дейді олар.

Еске салсақ, бұдан бұрын Каспий теңізінің қазақстандық секторында балық аулау көлемін арттыру мәселесі мемлекеттік деңгейде көтерілген еді. Балық шаруашылығын дамытудың 2021 – 2030 жылдарға арналған бағдарламасы бекітіліп, оны іске асыру құны 541,3 млрд теңге болып белгіленді. Балық өсіру көлемін 2030 жылға дейін жылына 6,9-дан 270 мың тоннаға дейін ұлғайту, балық өнімдерін ішкі тұтынуды 2030 жылға дейін жылына 67-ден 134 мың тоннаға дейін ұлғайту, балық өнімдерінің экспортын жылына 430 млн АҚШ долларына дейінгі сомаға 2030 жылға дейін жылына 30-дан 181 мың тоннаға дейін ұлғайту көзделді.

Былтыр жыл басында тауарлық балық өсіру көлемін бірнеше есеге арттыруды көздейтін Атырау облысында балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі өңірлік бағдарламасы бекітілді.

Атырауға осыдан бір жыл бұрын «Бекіре-2021» акциясы қарсаңында жұмыс сапарымен келген ҚР Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Нариман Жүнісов 2018-2020 жылдары Жайық пен Қиғаш өзендерінде тереңдету жұмыстары жүргізілді, оларға 6 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді деп еді. Соның ішінде Қиғашта тереңдету жұмыстары жүргізіліп, жалпы ұзындығы 150 шақырымнан асатын балық жүретін арналар тазартылғанын айтты. Бұл бағдарлама үш жыл бойы (2021-2023 жж.) жүзеге асырылатынын жеткізген болатын.   

Балықшылар болса, Қиғаш өзенінен теңізге шығар тамағын тереңдетіп қазу жұмыстары тез арада жүру керек екенін айтып отыр. Айтуларынша, Каспий суының жағалау тереңдігін ескере отырып, шамамен 20-30 км ұзақтықпен 2-3 метр терең қазу керек. Сонда олар теңізге шығу мүмкіндігіне ие болып, балық аулап, оны балық тасымалдауға арналған кәсіпшілік кемелерінің қозғалуына кедергі болмас еді.

Облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Нұрберген Құсайыновтың айтуынша, бес жыл бұрын Қиғаш өзенінің гидрогеологиялық режимін жақсарту үшін және су деңгейін көтеру үшін жұмыстар жүргізілген.

«Басты мақсат – балық жүретін Ганюшкин және Жарқосын каналдарына балық еркін кіруін қамтамасыз ету болатын. Бұл жоба үш кезеңге бөлінген. Біріншісі – өзен арнасын тереңдету. Оған  5 млрд 451 млн теңге бөлінді. Бұл жұмыстарды 2017-2021 жылдары «Павлодарский речной порт» АҚ атқарды. Екінші кезең биыл шілдеде басталуға тиіс. Ол жұмыстар екі бөлікке бөлінген. Әрқайсысына 15 млрд теңгеден қарастырылған. Бірінші бөлік бойынша конкурс жарияланып, жеңімпаз жақын арада анықталады. Екінші бөлігі бойынша жобалық-сметалық құжаттама жасақталды. Алдағы уақытта конкурс жарияланады», - дейді Құсайынов. 

Әкімдік қызметкерінің айтуынша, балықшылар сұрап отырған теңіз жағалауы аймағын тереңдету бойынша жұмыстар жұмыстың үшінші кезеңінде қарастырылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама