Колледж директоры бұл мәселе бойынша өз уәжін айтып, прокуратураға қарымта шағым жолдағанын жеткізді
Жаңақорған ауданындағы Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжін басқарып отырған директорға қатысты дау шықты.
«Фонд-бюро расследования коррупции» атты парақшаның мәліметіне сүйенсек, Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжін басқарып отырған директордың бұрын істі болғаны және оның қазір білім ордасын басқаруы заңсыз екенін айтылған.
Қызылорда облыстық прокуратурасына колледж директорының үстінен шағым түсіп, оның бұрын рулық араздықты қоздырғаны үшін қылмыстық іске тартылғаны айтылған.
Осы ретте Halyq Uni тілшісі колледж директорына қатысты мән-жайды білу мақсатында Қызылорда облысы білім басқармасына хабарласты. Алайда басқармадағылар бұл мәселе бойынша ресми хат жолдауын сұрап, дәл қазір жауап бере алмайтынын жеткізді.
Ал, колледж директоры Жомарт Шауеновтің бұл мәселеге қатысты өз уәжі бар екен. Колледж директоры бұрын қылмыстық іс бойынша жауапқа тартылғанын жоққа шығармады.
«Бұл 2012 жылы болған еді. Сол жылдары балағат сөз айтты деген айыппен сотқа тартылғаным рас. Бірақ ол даулы оқиға оң шешімін тапты. Іс сол кезде жабылды. Қазір қолымда құзырлы орындар тарапынан берілген соттылығымның жоқтығын айғақтайтын анықтама бар. Қызметтік конкурсқа қатысқанымда да бақылаушы орындар тарапынан менің сотты болмағандығымды дәлелдеген. Басқалай болса мені бұл қызметке тағайындамас еді. Сол себепті, шағымданушылардың маған таққан айыбы негізсіз деп толықтай айта аламын, - дейді колледж директоры.
Білім ордасының басшысы облыстық прокуратураға түскен шағымға колледжде болған кадрлық өзгерістер себеп болуы мүмкін деген болжамын айтты. Айтуынша, өзіне дейінгі колледж басшысының тұсында кадрлық мәселелер болған. Колледжде дипломы сәйкес келмесе де, белгілі бір мамандық бойынша дәріс беріп келген ұстаздар болған..
«Колледжге директорлық қызметке келген тұста кадрлық келеңсіздіктерге тап болдым. Негізі колледжге бала санына қарай қаржы төленетіні белгілі. Ал мен қызметке орналасқан тұста оқу орнында бала санынан мұғалімдер санының көптігі байқалды. Бұған қоса құрметті зейнет демалысына шыққан бұрынғы директордың кезінде бұл білім ордасында мамандығы сәйкес келмесе де оқушыларға дәріс беріп жүрген ұстаздар бар екенін анықтадым. Бұл келеңсіздікті бір жүйеге түсіру мақсатында арнайы мамандарды шақырып, зерделеу нәтижесінде кадрлық ауыс-түйістер жасап, дипломы сәйкес келмейтін бірқатар қызметкерлерді қысқартуға жібердім. Менің өткен өмірімнен кемшілік іздеп, шағымданып жүргендер сол кезде қысқартуға іліккен ұстаздар қауымы», - деді Жомарт Шауенов.
Директордың айтуынша, колледжде қысқартуға іліккен қызметкерлердің көбі бүгінде өз мамандығы бойынша басқа жұмысқа орналасқан.
Жомарт Шауенов осы дауға қатысты сотқа адвокаттық сауал жолдағанын, жақын күндері оның анықтамасын алып, облыстық прокуратураға тапсыратынын жеткізді.
Ербақыт Жалғасбаев, Қызылорда облысы