Halyq Uni логотип
×

Қазақстанның халық әртістерінің жалақысы екі есе көбейеді

Мәдениет және спорт министрлігі өнер иелерінің айлығын 100 пайыз өсіруді жоспарлап отыр

 Дастан Жұмабекұлы 27.01.2023 | 12:04
Қазақстанның халық әртістерінің жалақысы екі есе көбейеді
фото: ашық дереккөз

Мәдениет және спорт министрлігі азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет есебінен айлық алатын ұйымдардың қызметкерлеріне, сонымен бірге қазыналық кәсіпорын қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесіне өзгерістер дайындады.

Атап айтқанда, министрлік бұрынғы КСРО-ның «Халық» құрметті атағы және республиканың құрметті атақтары бар азаматтардың жалақысын 50-ден 100%-ға дейін арттыруды, сондай-ақ бұрынғы КСРО-ның «Еңбек сіңірген» құрметті атағы және республиканың құрметті атақтары бар адамдарға бұрынғыдай БДО-дан 30% үстемеақы беруді мақсат етіп отыр.

Сонымен бірге, Мәдениет және спорт министрлігі жобаны іске асыру үшін «Халық әртісі» атағын алған азаматтарға берілетін үстемеақыны базалық жалақының 50%-дан 100%-ға дейін көбейту үшін республикалық және жергілікті бюджеттен қосымша қаражат бөлуді қарастыратынын хабарлады.

2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттен қосымша қажеттілік – 11 584 мың теңге. Оның ішінде:

  • 2023 жылға – 3 144 мың теңге;
  • 2024 жылға – 3 843 мың теңге;
  • 2025 жылға – 4 597 мың теңге.

2023-2025 жылдарға жергілікті бюджеттерден қосымша қажеттілік – 4 906 мың теңге. Оның ішінде:

  • 2023 жылға – 1 628 мың теңге;
  • 2024 жылға – 1 628 мың теңге;
  • 2025 жылға – 1 650 мың теңге.

Құжат 10 ақпанға дейін қоғамдық талқылау үшін Ашық НҚА веб-сайтына орналастырылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама