×

Ақмола облысында жемқорлық фактілерін хабарлаған 59 адам көтермеленді

Азаматтар көбіне парақорлық фактілері туралы хабарлаған

 Динара Амантай 26.01.2023 | 16:16
Фото: Halyq Uni

2016 жылдан бастап сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтарды көтермелеу институтының жұмыс істеу кезеңінде 58 ақмолалық 8,8 млн теңгеден аса қаражатқа ие болды, 1-еуі алғыс хатпен марапатталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Антикордың Ақмола облысы бойынша департаментінің мәліметінше, 2022 жылы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы хабарлаған 13 адам 2,1 млн теңгемен ынталандырылған. Азаматтар көбіне парақорлық фактілері туралы хабарлаған. Мысалы, квазимемлекеттік сектордың лауазымды тұлғасының пара бергені туралы хабарлаған өңір тұрғынына 214 410 теңге төленді.

Сонымен қатар, іс жүзінде өзінің сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілігін дәлелдеген және қызметтік міндеттерін орындау кезінде өзіне пара беру әрекеті туралы тікелей басшылығына уақтылы баяндаған полиция қызметкері грамотамен марапатталды.

Айта кетейік, 2020 жылдан бастап сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлама жасаған азаматтарға берілетін сыйақының сараланған жүйесі жұмыс істеп келеді. Осыған сәйкес азаматтар ең жоғары сомасы – 13 млн теңгеден аса қаражат ала алады.

Пара немесе келтірілген залал сомасы немесе ұсынылған жеңілдіктердің не болмаса көрсетілген қызметтердің құны 1000 АЕК-тен (3 450 000 тг) аспайтын сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша сыйақы сомасы қылмыстың ауырлығына байланысты 30-дан 100 АЕК-ке дейін барады. Көрсетілген сомадан артық болса, сыйақы 10%-ды құрайды, бірақ 4 мың АЕК-тен аспайды (13 800 000 тг).

Көтермелеу әкімшілік жаза қолдану туралы сот қаулысы, айыптау үкімі не қылмыстық істі ақталмайтын негіздер бойынша қысқарту туралы сот қаулысы заңды күшіне енгеннен кейін жүзеге асырылады. Егер азамат ақшалай сыйақыдан бас тартса, онда ол грамотамен немесе алғыспен көтермеленуі мүмкін.

Бұл ретте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсеткен азаматтар көтермеленіп қана қоймай, мемлекеттің қорғауында болады. Биыл 3 қаңтардан бастап заңнамалық түзетулерге сәйкес бұл адамдар тәртіптік комиссияның немесе өзге алқалы органның ұсынымдарынсыз тәртіптік жауапкершілікке тартыла алмайды, қызметінен босатыла алмайды немесе басқа лауазымға ауыстырыла алмайды. Сондай-ақ егер сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған адам өзінің басшылығымен немесе сыбайлас жемқорлық істерін тергеп-тексеруді жүзеге асыратын уәкілетті органмен жария етпеу туралы келісім жасаса, онда осы адамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсеткені туралы ақпарат құпия болып есептеледі. Мұндай ақпаратты жария еткені үшін ҚР заңдарында белгіленген жауапкершілік көзделген.

Көтермелеудің сараланған жүйесі ең алдымен адамдардың сыбайлас жемқорлыққа байланысты заңға қайшы әрекеттерге төзбес көзқарасын дамытуға, сондай-ақ халықты осы әлеуметтік зұлымдыққа қарсы тұруға және онымен күресуге белсенді тартуға бағытталған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама