Сондай-ақ мекеме басшысы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды
Алматы облысында колония бастығының орынбасары лауазымынан босатылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қаңтар айында әлеуметтік желілерде Алматы облысының колониясындағы заңсыз кездесулер туралы ақпарат пайда болған еді. ҚАЖД осы факті бойынша қызметтік тергеу жүргізді.
Тексеру барысында анықталғаны, сотталғандардың бірінің туыстары мекеме әкімшілігіне шағымданған. Колония қызметкерлерін заңсыз әрекеттерге айыптай отырып, сотталғандардың туыстары шағымдарын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялаумен қорқытты. Осыған байланысты қолданыстағы заңнаманы бұза отырып, мекеме бастығының орынбасары сотталғанды колонияға келген туыстарына БӨП торы арқылы көрсетуді тапсырған. Кейін бұл жағдай БАҚ өкілдеріне пара беру арқылы заңсыз кездесуді ұйымдастыру ретінде ұсынылған.
Сондай-ақ бейнежазбаларда көрсетілген басқа да фактілер бойынша қызметтік тергеу барысында жемқорлыққа қатысты нұсқаулықтардың бұзылуы анықталған жоқ. Сонымен қатар қызметтік тергеу нәтижелері бойынша мекеме бастығының орынбасары жіберілген бұзушылықтар үшін атқарып отырған қызметінен босатылды.
Бұдан басқа, бірқатар басқа да қызметкерлер, оның ішінде мекеме басшысы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.