×

Петропавлда жаңадан салынған үйлердің жертөлесін лас су басып қалған

Шенеуніктер тұрғындардан жазға дейін шыдауды өтінді

 Самат Жақып 18.03.2022 | 17:08
фото: Halyq Uni

Петропавлда жаңадан бой көтеріп келе жатқан «Жас Өркен» ықшам ауданының тұрғындары сорғы станциясының жұмысына наразы. Себебі құрылғы бірде істеп, бірде істемейді екен. Салдарынан кәріз құбырлары бітеліп, лас су сыртқа жайылады.

Мемлекеттік бағдарлама аясында салынып, пайдалануға берілген бірнеше үйдің жертөлесі қазір кәріз қалдықтарына толған. Тиісті мекемелер шара қолданбағандықтан, амалы таусылған халық қалтасынан қаржы шығарып, арнайы су сору қондырғысын сатып алған.

«Жертөле қысы-жазы суға толып тұрады. Құбырлардағы кәріз суы ма, жоқ әлде жер асты суы ма? Қайдан келетіні түсініксіз. Иісі жағымсыз. Әбден шаршадық. Жаңа үй деген аты ғана. Қазір түрлі жәндіктер пайда бола бастады.

Бірінші қабатта шағын орталық жұмыс істеп түр. Масқара ғой. Балаларға обал болды. Сондықтан санитарлық-эпидемиологиялық департамент мамандары келіп тексеріс жүргізуге тиіс», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Асқар Мәжкеев.

Жертөлені су басқандықтан үйдің қабырғалары да дымқыл тарта бастаған. Мұндағы инфроқұрылымның тек аты ғана жаңа, кей құбырларды тат басқан. Мәселенің бәрі жаңа кәріз станциясына қатысты болып шықты. Ол жиі істен шығып, пәтерлерден аққан қалдық су жертөлеге барып құяды екен.

«Тұрғындар коммуналдық қызмет ақысын уақытылы төлейді. Ақша жағынан проблема жоқ. Мұндағы кәріз құбырларының диаметрі кішкентай. Салдарынан бітеліп қала береді. Жағдай айына 2-3 мәрте қайталанады. Сосын адам жалдап, сасық суды сорғызамыз. Білуімізше кәріз станциясында қуаты төмен құрылғылар қойылған. Талай рет әкімдікке айттық. Бірақ ешкімнен көмек жоқ», - дейді мүліктің меншік иелері бірлестігінің төрағасы Юрий Командриков.

Осыдан төрт жыл бұрын құрылысы басталған кәріз станциясының әлі күнге дейін тапсырылмағаны белгілі болды.

Оған қаржының тым кеш бөлінуі мен құрылыс алаңының уақытында дайын болмауы себеп, - дейді қалалық әкімдік өкілдері.

Сондықтан нысан коммуналдық мекеме меншігіне өтпеген. Яғни істеп тұрса да, қараусыз тұр. Оған әзір ешкім жауапты емес. Шенеуніктер тұрғындардан жазға дейін шыдауды өтінді.

«Арнайы жасалған келісімшарт бойынша инженерлік желілер мен абаттандыруға бір компания белгіленді. Қазір негізінен кәріз станциясы дайын тұр. Тек аула дайын емес. Ондағы шарулар бітпей, біз еш жұмысты қабылдай алмаймыз. Мердігер ұйым өкілдері мамыр айының аяғына дейін істі аяқтаймыз деп сендіріп отыр. Сондықтан барша кемшілікті өздері түзетеді», - дейді Петропавл қалалық әкімдігі құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Болат Қонғыжынов.

«Жас өркен» ықшам ауданындағы тағы бір өзекті мәселе – жарық. Баспаналар қазір  уақытша қуат көзіне қосылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама