Halyq Uni логотип
×

Сайлауда партиялардың бәріне бірдей мүмкіндік беріледі – Тоқаев

Президент елімізге жауапкершілігі жоғары партиялар қажет екенін айтты

 Халық үні 26.01.2023 | 10:46
Сайлауда партиялардың бәріне бірдей мүмкіндік беріледі – Тоқаев
Halyq Uni

Қасым-Жомарт Тоқаев парламент сенатының отырысында мәжіліс пен мәслихат сайлауында партиялардың бәріне бірдей мүмкіндік берілетінін айтты.

«Жақында ғана мәжіліс пен мәслихаттарға сайлау науқаны өз жұмысын бастады. Бұл негізгі мемлекеттік институттарды кешенді түрде жаңғыртудың соңғы сатысы болмақ. Мәжіліс пен мәслихаттардың аралас моделін қалыптастыруға көшіп жатырмыз. Барлық әлеуметтік топтың мүддесін қорғау тұрғысынан мұның мәні зор. Бұл өзгеріс өкілді билік тармақтарының барлық деңгейіне айтарлықтай ықпал етеді. Соңғы жылдары жүргізілген саяси өзгерістер, сайлау заңнамасын мақсатты түрде либералдандыру Қазақстанда партия құру ісіне тың серпін берді», - деді Тоқаев.

Сондай-ақ елімізде бірнеше жаңа партияның тіркелгеніне тоқталды.

Ұзақ уақыттан бері елімізде алғаш рет бірнеше жаңа партия ресми түрде тіркелді. Аталған деректі аралық қорытынды ретінде атап өтуге болады. Бұл – алға қарай жасалған маңызды қадам, - деді президент.

Президенттің сөзінше, саяси жүйені орнықты дамыту ісінде партиялар маңызды рөл атқарады.

«Елімізге жауапкершілігі жоғары партиялар қажет. Олар халықтың мүддесін тиімді қорғай білуге тиіс. Сондай-ақ мемлекет тұғырын нығайту және ел бірлігін сақтау мәселесін бәрінен биік қоюы керек. Партиялар азаматтық қоғамның басты тірегі болуға тиіс. Жұртшылықтың талап-тілегіне жете мән беріп, жүйелі жұмыс жүргізуі қажет. Өз бағдарламасын заңды жолдармен іске асыруы керек. Саясаткерлердің жаңа шоғырын қалыптастырып, оларды елге таныту да маңызды», - деді мемлекет басшысы.

Ал салмақты саяси күштер халықтың мұң-мұқтажын ескеріп, нақты мәселелерін шешуге ерекше назар аударады.

Әлеуметтік маңызы бар идеялар мен бастамаларға барынша көңіл бөледі. Еліміздегі партиялардың көпшілігінде мемлекетшілдік ұстаным бар. Бұл – жақсылықтың нышаны. Жұрт жақында өз таңдауын жасайды деп сенемін. Алдағы сайлауда партиялардың бәріне бірдей мүмкіндік беріледі. Әкімдер қандай да бір саяси ұйымға жетекшілік ете алмайды, - деді Тоқаев.

Сондай-ақ президент Ата заңға енгізілген өзгеріске сәйкес барлық саяси күштен тысқары тұруға тиіс.

«Мәжіліс пен мәслихат сайлауы жаңа әрі әділ ереже бойынша өтеді. Алдағы сайлауды Қазақстан парламентаризмі тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы деуге болады. Қоғамның түрлі өкілдерінің мүддесін партиялар арқылы қорғау мүмкіндігі артады. Мұның бәрі саяси жүйенің орнықты және тиімді болуын қамтамасыз етеді», - деді мемлекет басшысы.

Сондай-ақ президент реформалар әрі қарай жалғасатынын хабарлады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама