Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы 2023 жылға жұмыс жоспарын бекітті

Айгерім Таубай

Астанада Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының алқа отырысы өтті

Halyq Uni

Астанада Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының алқа отырысы өтті.

Жиынға Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, қауымдастық президенті Исламбек Салжанов және ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрамына кіретін федерациялардың басшылары қатысты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Жиын барысында қауымдастықтың 2023 жылға арналған даму стратегиясы мен жұмыс жоспары таныстырылып, бекітілді.

Алқа отырысында сөз сөйлеген Мәдениет және спорт министрі Ұлттық спорт түрлерінің барлық қазақстандық үшін ерекше маңызы бар екенін айтып өтті.

Қазақстан олимпиадалық спорт түрлерінен әлемдік ареналарда белгілі бір деңгейде жетістіктерге жетті, енді ұлттық спорт түрлерінен де осындай биіктерді бағындырудың уақыты келді, - деп атап өтті министр.

Исламбек Салжанов қауымдастық мемлекет пен қоғамның ынтымақтастығы негізінде ұлттық спорт түрлерінің тұрақты дамуының экожүйесін қалыптастыруға бағытталған жаңа нақты қадамдар жасағанын атап өтті.

Олардың қатарында құқықтық реттеу жүйесін жетілдіруді, Қазақстанның көшпелі мәдениеті мен имиджін шетелде ілгерілетуді көздейтін жоспарлар бар.

«2022 жылдың қыркүйегінен бастап қауымдастық жұмысында өзгерістер болды. Спорт түрлері бойынша Ұлттық қауымдастық құрамында бұрын 5 федерация болған. Олар: көкпар, жамбы ату, аударыспақ, теңге ілу, бәйге федерациясы. Қазір бізге тағы 4 федерация қосылды: дәстүрлі садақ ату, тоғызқұмалақ, асық ату және құсбегілік» - деді қауымдастық президенті.

Сонымен қатар жиынға қатысқандар 2024 жылы Қазақстанда өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу мәселесін талқылады.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының өтетін орнын анықтамас бұрын жауапты мемлекеттік орган ұйымдастыру комитетін құрып, әр федерациядан бір өкілді қосуы керек, - деді Тоғызқұмалақ  федерациясының президенті Әлихан Байменов.

YPO Kazakhstan төрағасы Ерлан Қожасбай да V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуге қатысты ойын айтты.

«Бұл жұмысқа бизнес тұрғысынан қарау керек. Іс-шара пайдалы болуы керек. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу Олимпиада ойындарын өткізумен тең. Сондықтан болашақта арнайы салынған ғимараттарды дұрыс пайдалану туралы ойлану қажет», - деді Ерлан Қожасбай.

Айта кетейік, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы құрамына «Теңге Ілу», «Бәйге», «Жамбы ату», «Аударыспақ», «Көкпар», «Тоғызқұмалақ», «Құсбегілік» және «Асық ату» спорт түрлері бойынша 9 ұлттық спорт түрінен республикалық федерациялар кіреді.

Бұған дейін Ұлттық спорт қауымдастығының басшылық құрамында өзгерістер болды. 6 ұлттық спорт түрі бойынша республикалық федерациялардың басшылары сайланды.