×

Бағдат Мусин дәрігерлерді қағазбастылықтан босатты

Министр мемлекет басшысының бюрократияны жою туралы тапсырмасы бұзылып отырғанын айтты

 Динара Амантай 25.01.2023 | 13:05
Фото: egemen.kz

Дәрігерлерді артық қағазбастылықтан босату мақсатында олардан талап етілетін анықтамаларды дерекқордан сұрату мүмкіндігі пайда болды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Кеше Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин елордадағы Сарыарқа ауданының Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, қызмет түрлерін алуға келген тұрғындармен сөйлесті.

Азаматтардың басым бөлігі жұмысқа орналасу барысында денсаулығына қатысты түрлі анықтамаларды алу үшін ХҚКО-ға көптеп келіп жатады. Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышында азаматтарға үйден шықпай-ақ қандай қызмет түрлерін алуға болатындығы туралы ақпаратпен бөлістім. Атап айтқанда, психоневрологиялық, наркологиялық, соттылық болуы немесе болмауына қатысты және т.б анықтамаларды eGov Mobile қосымшасы арқылы жүктей алады, – деп жазды Мусин өзінің Telegram-арнасында.

Бұған қоса, министр азаматтармен сөйлесу барысында президенттің бюрократияны жою, артық қағазбастылыққа жол бермеу туралы тапсырмасы бұзылып отырғанын жеткізді.

Барлық ауруханалардың қызметкерлері жылына бір рет сотталмағандығы, сыбайлас жемқорлық фактілерінің жоқтығы туралы және басқа да анықтамаларды әкелуге мәжбүр болады екен. Осылайша, іс жүзінде мемлекет басшысының бюрократияны жою, артық қағазбастылыққа жол бермеу туралы тапсырмасы бұзылуда. Яғни бұны бірыңғай деректер базасынан алуға болады. Осы жерде дереу цифрландыруға жауапты денсаулық сақтау вице-министрімен хабарласып, ертең облыстық және қалалық денсаулық сақтау басқармаларына осы талаптардың күшін жоюды талап етіп, олардың кадрлық қызметтеріне, қажет болған жағдайда қызметкерлердің келісімі бойынша осы анықтамаларды дерекқордан сұратуға мүмкіндік беруді тапсырдым, – деді министр.

Сонымен бірге, ол халыққа сапалы әрі жылдам қызмет ұсыну мақсатында Халыққа қызмет көрсету орталықтарының персоналы адамдарға барынша бағдарлана түсуі тиіс екендігін атап өтті.

Қазір орталықтарды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Елордада және өңірлерде заманауи ХҚКО ашылып жатыр. Біз азаматтарымыздың ыңғайлылығы үшін барлық жағдайды жасайтын боламыз, – деп түйіндеді сөзін Бағдат Мусин.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама