300-ге жуық аула аумағынан 63 мың текше метр су сорылды
Түркістан облысында жаңбыр суын сору бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.
2022 жылғы 11-18 наурыз аралығында Түркістан облысының Жетісай және Мақтаарал аудандарында көшелерді, аула аумақтарын жаңбыр суы басып, жер асты суларының көтерілуі орын алуда, – дейді Төтенше жағдайлар министрлігі.
ТЖМ мәліметінше, Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінде жедел штаб құрылды. Үйлерді су басу қаупі жоқ.
«Үйлерді су басуға жол бермеу мақсатында ТЖД мен жергілікті атқарушы органдардың күштері жаңбыр суын сору жұмыстарын жалғастыруда. Суды бұру үшін ұзындығы 8.3 км каналдар қазылды. Ұзындығы 96 км 32 канал әрі ұзындығы 241 км 121 коллектор тазартылды», – делінген ақпаратта.
Бүгінгі таңда 284 аула аумағынан жалпы 62 886 текше метр су сорылды.
«Жұмысқа 170 қызметкер, 60 мотопомпа, 44 техника жұмылдырылды. Оның ішінде төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 66 қызметкер, 39 мотопомпа, 11 техника және жергілікті атқарушы органнан 104 жұмыскер, 21 мотопомпа, 33 техника бар», – дейді ведомство.