×

Тараздық дәрігерлер бірнеше ине жұтқан баланы аман алып қалды

Ол 4 ине мен сыдырма жұтып қойған

 Дәурен Ерболат 24.01.2023 | 17:45
Фото: spbu.ru

Таразда дәрігерлер бірнеше инені жұтқан 3 жасар баланы құтқарды, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.

Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасына әйел келіп, 3 жасар баласының сыдырманы (молния) жұтып қойғанын айтып, көмек сұраған.

Кішкентай науқасты білікті дәрігерлер Сейдахмет Шыныбеков пен Мәулім Кенжалы емдеді.

Рентгенограмма бүлдіршіннің іш қуысында сыдырма, асқазанда 2 тігін инесі барын көрсетті. ЭФГДС емдік шарасын жүргізу кезінде асқазаннан 1 ине алынып тасталды, сыдырма анықталмады. Науқас хирургия бөлімшесінде қалдырылды. Содан кейін сыдырма өздігінен нәжіспен бірге шықты. Алайда екінші ине табылмады, - деп жазылған хабарламада.

Жоғары санатты хирург Сейдахмет Шыныбековтің айтуынша, барлық ине баланың ішінен алынған.

Іш қуысының рентгенограммасы іштің жоғарғы жағында тағы 2 ине және жамбаста 1 ине тұрғанын көрсетті. Қайтадан ЭФГДС жасалып, асқазаннан ине алынып тасталды. Содан кейін колоноскопияның көмегімен сигма тәрізді ішекке қадалған ине алынды, - деді дәрігер.

Бала медицина қызметкерлерінің қырағы бақылауында болған.

Рентгенограмманың көмегімен жамбас проекциясынан төртінші ине табылды. Колоноскопия жасалып, ұшы ішектің шырышты қабығына қадалған сигма тәрізді ішектен соңғы ине алынды. Бала үйіне шығарылды. Оның жағдайы қанағаттанарлық болды, - деп жазылған хабарламада.

Дәрігерлердің пайымдауынша, 8 күнде баланың асқазан-ішек жолдары арқылы ішіне 4 ине кірген. Алайда мамандар күрделі операция жасамай, денеден қауіпті заттарды алып тастады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама