Биылдан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 8,5%-ға көбейді
Былтыр көпбалалы отбасыларға 346,8 млрд теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы төленді. Оны 501,2 мың отбасы алған. Оның ішінде желтоқсан айында 530,8 мың отбасына 31,2 млрд теңге жәрдемақы берілді.
Еңбек және халықты әлеуметтің қорғау министрлігінің хабарлауынша, мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.
Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді.
- 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК (2022 жылы – 50 976 теңге, 2023 жылы – 55 304 теңге);
- 5 балаға – 20,04 АЕК (2022 жылы – 63 728 теңге, 2023 жылы – 69 138 теңге);
- 6 балаға – 24,05 АЕК (2022 жылы – 76 479 теңге, 2023 жылы – 82 973 теңге);
- 7 балаға – 28,06 АЕК (2022 жылы – 89 231 теңге, 2023 жылы – 96 807 теңге);
- 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК мөлшерінде (2022 жылы – 12 720 теңгеден, 2023 жылы – 13 800 теңгеден).
Көпбалалы отбасыларға олардың табысын есепке алмай берілетін мемлекеттік жәрдемақы елімізде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерінде көзделген табысы аз және көпбалалы отбасыларды қолдаудың үш негізгі бағыты аясында енгізілген.
Биылғы 1 қаңтардан бастап көпбалалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 8,5%-ға көбейді.