×

Мемлекет меншігіне қайтарылған 5,2 млн га жерге мониторинг жүргізіледі

Бұл бастама халық игілігі үшін жүзеге асып жатыр

 Еркеғали Болатұлы 24.01.2023 | 11:44
фото: VYACHESLAV OSELEDKO

Елімізде жайылым жер тапшы. Алайда, космостық мониторинг 40 млн гектар жайылымдық жер бос жатқанын анықтаған. Әккілер қолданыстағы заңды айналып өту үшін өз жерлерін басқа азаматтардың атына жазып әлек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пайдаланылмай жатқан және заңсыз бөлінген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жөнінде тапсырма берген еді. Сондықтан былтыр AMANAT партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясы құрылып, оның құрамында депутаттар, қоғам қайраткерлері, Бас прокуратура мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, заңгерлер, белсенділер енген.

Қазір елімізде 5,2 миллион гектар жер мемлекет меншігіне өтті. Оның 3 миллионнан астамы комиссияның араласуымен жүзеге асты. Бұл бастама халық игілігі үшін жүзеге асып жатыр.

Ең маңыздысы, бақылау болу керек. Ол жай бақылау емес, қоғамдық бақылау болуы қажет. Өйткені жердің иелері комиссияға есеп беру үшін жерді уақытша біреудің атына аударуы мүмкін. Сондықтан біз мұндай жайттарды мүлт жіберіп алмауымыз керек. Біз AMANAT партиясының қолдауымен қоғамдық бақылауды жүргізіп жатырмыз. Аманаттықтар бар күшін жерлерді қайтаруға жұмсап, бақылауға да ден қойған. Біз бұл комиссиямен көптеген өңірлерді араладық, - дейді комиссия мүшесі Ғалым Байтұқ.

Айта кетсек, комиссия бастамасымен jerkarta.gharysh.kz геосервисі іске қосылған. Ол сервис мемлекет меншігіне қайтарылған жер учаскелеріне мониторинг жүргізеді. Оның қайда орналасқанын, ауданы мен меншік иесі немесе жер пайдаланушысы туралы мәліметтер береді. Былтыр жедел желіге 2 500-ден аса өтініш түскен. Азаматтарды жайылымдық және шабындық алқаптардың тапшылығы алаңдатқан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама