×

Әлеуметтік желі арқылы қызбен танысқан ақмолалық жігіт бопсаға түсіп қалды

Белгісіз 3 жігіт оны пәтерге күшпен кіргізіп, ұрып-соққан

 Динара Амантай 24.01.2023 | 10:52
Фото: polisia.kz

Ақмола облысы ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ақмолалық тұрғынды қорқыту жолымен екі несие рәсімдеген бопсалаушыларды ұстады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерерінің мәліметінше, Көкшетау қаласындағы бөлімшеге бопсалау фактісі туралы облыстық орталықтың 22 жастағы тұрғыны жүгінген. Жас жігіттің айтуынша, белгісіз 3 жігіт оны пәтерге күшпен кіргізіп, ұрып-соққаннан кейін пышақпен қорқытып, ірі көлемде ақша талап еткен.

Анықталғандай, ол бұған дейін ВКонтакте әлеуметтік желісінде қызбен танысқан. Ал алғашқы кездесуден кейін оны бопсалаушылар ұстап алған. Жәбірленушіде талап етілген сома болмағандықтан, қаскөйлер оның телефонындағы банк қосымшалары арқылы екі онлайн-несие рәсімдеп, жәбірленушіні үнемі өздерінің бақылауында ұстап, жақын маңдағы банкоматтардан ақшаны шешіп алған.

Ақшаны қаскөйлерге бергеннен кейін жәбірленуші бірден полицияға жүгінді.

Аталған дерек ҚР ҚК-нің 194-бабы 2-бөлігі («Қорқытып алу») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді.

Көкшетауда арнайы операция нәтижесінде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері күдіктілерді ұстады. Топ басшысы – 25 жастағы қала тұрғынына қатысты «Қамауда ұстау» бұлтартпау шарасы тағайындалды. Сондай-ақ қалған 2 адамға қатысты шара қабылданып, қылмыстық істі тергеу жалғасып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама