Halyq Uni логотип
×

«12 өңірде су тасқыны болуы мүмкін». Қазақстандағы су қоймаларының үштен бірі тозған

Республика бойынша 471 гидротехникалық құрылыс жөндеуді қажет етеді

 Айнұр Шошаева 24.01.2023 | 10:08
«12 өңірде су тасқыны болуы мүмкін». Қазақстандағы су қоймаларының үштен бірі тозған
Коллаж: Halyq Uni

Қазақстандағы су қоймаларының жартысынан көбінің пайдалану мерзімі 50 жылдан асып кеткен. Бүгінде үш су қоймасы апаттық жағдайда тұр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитеті төрағасының міндетін атқарушы Досбол Бекмағамбетовтың мәліметінше, қазіргі күні Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарында ылғал қоры жоғары. Атырау мен Батыс Қазақстан облысында ылғал қоры төмен деп болжанып отыр. 

«Су тасқыны кезеңі оңтүстік өңірлерде ақпан айының аяғы мен наурыз айының соңына келсе, еліміздің қалған аймақтарында наурыз бен маусым айлары аралығында өтеді. Алдын ала болжам бойынша ақпан айында республиканың басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормаға жақын, ал еліміздің оңтүстігінде нормадан 1 градус жоғары. Ақпан айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде қалыпты нормаға жуық. Ал Атырау, Маңғыстау, БҚО, Ақтөбе және Қостанай облыстарының батысында нормадан аз. Түркістан, Қызлорда, Жамбыл облыстарының басым бөлігінде, Алматы, Жетісу облыстарының оңтүстік жартысында нормадан көп болады деп болжанып отыр», – деді ол брифингте. 

Бұған қоса, ол көктемгі су тасқыны болуы мүмкін өңірлерді атап өтті. 

Қардағы су қорының мөлшерін, топырақтың күзгі ылғалдылығын, топырақтың қату тереңдігін талдай отырып, су тасқыны қауіпі аймақтарға алдын ала баға берілді. Жоғары тәуекелдермен Қарағанды, СҚО, Ақмола, Қосатай, ШҚО, Абай, Ақтөбе, БҚО, Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан облыстары тұр. Орташа тәукелді өңірлер Павлодар, Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстары, – деп қосты ол. 

Еске сала кетейік, 2021 жылы Маңғыстау мен Қызылорда облысында құрғақшылық болып, жаппай мал қырылған болатын. Спикерлер «биыл құрғақшылық болуы мүмкін бе?» деген сауалға жауап берді. 

«Қыс әлі біткен жоқ. Қазақстанда қар мөлшерінің қалыптасу уақыты күзде басталып, наурыз айының соңында аяқталады. Сондықтан ылғалдың көп немесе аз болуын бірінші наурызда айтатын боламыз. Қазіргі берілген ақпарат ол 1 қаңтарда алынған мәліметтің нәтижесі. Болжам бойынша батыс өңірлерде ылғал болуы керек», – деді «Қазгидромет» РМК бас директорының орынбасары Серік Саиров журналистердің сұрағына жауап беріп. 

Бүгінде елімізде 1806 гидротехникалық құрылыс бар. Қаңтар айындағы  жағдай бойынша 1322 құрылыс зерттелген, нәтижесінде 471 нысан жөндеуді қажет ететіні анықталған. 

«Оның 27 коммуналдық меншікте, 94 республикалық меншікте, 44 жеке меншікте және алтауы иесіз. Үш су қоймасы жөндеуді талап ететіндіктен, транзиттік режимде тұр. Республика бойынша ірі су қоймаларының орташа толуы 60-75 пайызды құрайды. Барлық су қоймаларында су қабылдауға арналған бос көлемдер бар», – деді Досбол Бекмағамбетов. 

«Қазсушар» РМК мәліметінше, транзиттік режимде тұрған үш су қоймасының құрылысы совет заманында салынып басталып, аяқсыз қалған. 

«Екі су қоймасы ҚШО-да, біреуі Қаракөл су қоймасы. Онда суды ұстап, реттеп тұратын құрылғысы жоқ. Екіншісі Қандысу су қоймасы, апаттық жағдайда болғандықтан су жиналмайды. Үшіншісі СҚО-да Шарық қоймасы. Ол да совет заманында салынып басталған, бас ғимараты бітпегеніне байланысты қазір транзиттік режимде тұр», – деді «Қазсушар» РМК бас директорының орынбасары Ербол Салихбаев. 

Оның айтуынша, Қазақстандағы су қоймаларының көбі пайдалану мерзімі 25 25 жылдан асып кеткен. 

Жалпы су қоймалары 25 жылға дейін пайдаланылады. Бірақ, еліміздегі су қоймаларының көбі 25 жылдан асып кеткен. Олардың арасында 50-60-70 жыл бойы қолданылып келе жатқан қоймалар бар. Дегенмен жыл сайын бассейн инспекциясы, Төтенше жағдайлар министрлігі және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп су қоймаларының жағдайы тексеріледі. Қатты қауіп туындаған жағдайда арнайы сертификаты бар мекемені тартып, істің мән-жайы анықталады, олар бізге қаншалықты қауіпті немесе қауіпсіз екені туралы қорытынды береді. Соған байланысты біз мемлекеттен ақша сұраймыз, – деді  ол.  

Айта кетейік, республикалық меншікте 3400 канал жүйесі бар. Шаруаларға су жеткізіп беретін бұл жүйелердің көп бөлігі кезінде коммуналдық меншікте болған. Қазір олар коммуналдық меншіктің теңгерімінен алынып,  пайдаланып келеді.

«Нысандардың көп бөлігі қазірі тарифке кірмей қалған. Яғни қазіргі тарифте оны күтіп, баптау қаржысы қарастырылмаған. Осыған байланысты тиісті мемлекеттік органдарға өз ұсынысымызды бердік. 2024 жылы суға әділетті тариф бекітіледі деп ойлаймыз. Өйткені бізде ирригациялық жүйелер көбейіп жатыр, ал тариф бірдей. Оны тиісті деңгейде күтіп, ұстау мәселесі бар. Одан бөлек жұмысшылардың айлығын өсіру керек. Қазір республикада ең төменгі жалақы су шаруашылығы саласында болып тұр. Мектептің күзетшісі біздің арнайы оқу бітіріп, дипломы бар мамандардан жоғары айлық алады. Қазіргі таңда су шаруашылығындағы жұмысшылардың орташа жалақысы 90 мың теңгеден аспайды.Оны тарифпен шешпесек, басқа жолы жоқ», – деді Ербол Салихбаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама