Ұлытау облысында 10 тонна дизель отынын ұрлағандар ұсталды
Келтірілген шығын көлемі - шамамен 8 миллион теңге
Ұлытау облысының полицейлері 10 тонна дизель отынын ұрлаудың жолын кесті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ұлытау облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел іс-шара жүргізу барысында Сәтбаев қаласындағы жеке аумақта темір контейнерлер (бөшкелер) тиелген жүк көлігін ұстады. Сонымен қатар, полицейлер кәсіпорынның екі жұмысшысын және Сәтбаев қаласының екі тұрғынын ұстады. Олардың жанар-жағармай жеткізумен айналысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінде жүргізуші болып жұмыс істейтіні анықталды.
Сондай-ақ тасымалдау жасау кезінде күдіктілер жүктің бір бөлігін жүйелі түрде ұрлап, жұмыстан кейін оны одан әрі сату үшін арнайы жабдықталған жәшіктерге салынған контейнерлерге құйған. Оқиға орнында полицейлер 35 металл бөшке мен екі цистерна тапты. Олардың барлығына жалпы салмағы 10 тонна дизель отыны құйылған. Келтірілген шығын көлемі – шамамен 8 миллион теңге.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы («Ұрлық») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полицейлер ұсталғандардың сыбайластарын анықтау үстінде.