БҚО-да ауыл арасындағы наразылыққа Жоғарғы соттың жауабы керек
Жұрт екі ауылдағы сот ғимаратының жабылуына қарсы
Батыс Қазақстан облысында екі бірдей ауылдың халқы жергілікті соттың жабылуына қарсы. Тайпақ ауылының №2 және Жалпақталдағы №2 сотының жабылатыны туралы хабарды естіген белсенді тұрғындар енді қалайда өз ауылдарында биліктің бір тармағын ұстап қалуға әрекеттеніп жатыр. Сол бетімен «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалына жүгінген.
Филиал жетекшісі Бауыржан Зәкидің жазуынша, екі кент бұрын аудан орталығы болған, халқы көп және үлкен аумақты алып жатыр. Қазір Тайпаққа қарайтын 7 округтегі 19 ауылда 13 мың және Жалпақталға қарасты 8 округтегі 25 ауылда 14 мың адам тұрады.
Елдімекендердің орталықтан қашықта орналасуы жұрттың сотта құқығын қорғауды қиындатады. Өйткені Тайпақ ауылы Чапаев аулынан 149 шақырым жерде орналасқан, ал Жалпақтал мен Қазталов ауылдарының арасы 60 шақырым, дейді бірлестік өкілі.
Оның үстіне, Тайпақ сотының қарауындағы аумақта Жайық өзенінің арғы бетінде орналасқан Қарауылтөбе, Есенсай, Жұбан, Көнеккеткен, Базаршолан, Базартөбе, Жанама ауылдары бар. Оларға наурыз, сәуір, мамыр, желтоқсан айларында судан өту өте қиын. Сосын Тайпақ аулына, одан әрі Чапаевқа жету оңай емес әрі шығыны да көп.
Қоғамдық ұйым өкілінің сөзінше, сотты онлайн өткізу мәселені шешпейді, себебі ұялы байланыс деңгейі орташадан төмен. Әйтсе де мәселенің мәні одан да тереңде жатқан сыңайлы. Оның анық-қанығын ауыл тұрғындары да айтып берді.
Жалпақтал аулының белсенді тұрғыны Мәди Меңдешевтің сөзінше, келешек сот онлайн өтер болса, оған интернет жылдамдығы сәйкес келмейді. Себебі, Жалпақталдың өзінде байланыс дұрыс емес. Ал одан 125-130 шақырым жерде тұратын ауылдар бар.
«Мысалы, Қособа, Қарасу деген ауылдар 90 шақырым жерде. Олар ертең ауданға баратын болса, 200 шақырымға дейін жүрейін деп тұр. Өйткені, оларда интернет жоқ десе де болады, қойылмаған», дейді ол.
Екінші жағынан, ауыл тұрғынының айтуынша, екі ауданды бір бірімен қосқанменен, екі ортадағы жағдай мәз емес. Жалпақтау мен Казталов халқының бір-бірімен арақатынасы тым нашар.
Казталовқа барғанда бізге деген көзқарас нашар. Қандай құжатпен барсақ та Казталов халқы қырын қарайды. Кезінде үлкен аудан едік. Ауыл болып қалғасын реніш бар. Бұл екі ауданды қосқалы бергі келе жатқан мәселе. Ұрыс-керіс болмағанымен, екі ауыл бір-бірінің атын естігенде жаратпай тұрады. Мәселенің бір ұшы осыған да тіреледі, дейді ол.
Оның сөзінше, Жалпақтал аулын құлатпай, ел етіп көркейтіп отырған шынына келгенде ауылдың 20, 30, 40 жылдық мектеп түлектері. Ауылға жылына 30-40 млн ақша салып, халыққа керекті спорт ғимараты, жарық жүйесі, көпір сынды нысандар салып отырған солар. Өйткені, жергілікті әкімдікке қараса, қаражаттың көбі аудан орталығы Казталовқа бөлінетінін айтады. Оның үстіне, о баста Жалпақтал мен Казталов аудандары қосыларда «бәрі 50 де 50 болады, Казталов аудан болса, Жалпақталды орталық етіп ұстаймыз» деп көндірген сөздер де сол күйі қалыпты.
Тайпақ аулы тұрғындарының да айтары жеткілікті. 1997 жылы Тайпақ пен Чапаев қосылып, қазіргі облыстағы ең үлкен Ақжайық ауданына айналған. Облыс орталығынан Атырау облысымен шектесетін арасы 200 шақырым ең шеткі шекара. Қазір Тайпақтың өзіне аудан орталығы 150 шақырым. Осы ауылдардағы халықтың сотқа ісі түссе сонша жер сабылуға тура келеді. Оның үстіне, күз бен қыс-көктемде жол жағдайын қиындататын ортада Жайық бар.
Ауыл тұрғыны, Ақжайық ауданының құрметті азаматы, ардагер ұстаз Болат Досаевтың айтуынша, Тайпақтағы №2 сотты халық қажеті үшін сол 1997 жылы ашылған.
Екіншіден, о баста елдің жағдайын жасаймыз деп екі ауданды қосып еді. Содан 25 жыл өткенде ауылдағы кәсіптік колледжді жауып тастады. Қазір 420 орындық 4 қабатты ғимарат қаңырап тұр. қасында 3 қабатты жатақханасы да босап қалды. ХҚКО бар еді, оны да бірде жауып, бірде қысқартып келе жатыр. Енді сотты жауып тастауы халықтың ашу-ызасын туғызып тұр, дейді ол.
Жағдайдың ақыры қалай шешілерін нақтылау үшін қоғамдық бірлестік Жоғарғы сотқа сауал жіберіп қойған. Ауыл арасындағы наразылықтың шешімін енді Жоғарғы соттан күтеміз.