Шектеулер желтоқсан айының соңында күшіне енеді
25 қарашада сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтіп, онда мал, картоп және көкөністі экспорттауға тыйым салу мәселелері қаралды.
Нәтижесінде ВАК барлық жасына қарамастан ірі қара малды 6 айға, сондай-ақ картоп пен сәбізді 3 ай мерзімге Қазақстан аумағынан шығаруға толық тыйым салуды енгізуді мақұлдау туралы шешім қабылдады.
Қазір ішкі нарықта ірі қара және ұсақ мал етіне бағаның өсуі байқалады. Ағымдағы жылдың қараша айында республика бойынша сиыр етінің бағасы бір келісі үшін орта есеппен 2 239 теңгені құрады. Жыл басынан бері баға 15%-ға немесе 292 теңгеге өсті.
Қой етінің орташа бағасы 21%-ға (419 теңге) өсіп, бір келісі үшін 2 409 теңгені құрады.
Бұл ретте ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 50% төмен деңгейде қалып отыр. Биыл 10 айда 173 мың тонна ет өңделген, бұл ет өндірісінің жалпы көлемінің небәрі 18%-ын құрайды, - деп хабарлады АШМ баспасөз қызметі.
Сондай-ақ бұқашықтар мен қошқар экспортының ұлғайғаны байқалады. Биыл 10 айда 161 мың бас ірі қара мал шығарылды немесе 2020 жылдың деңгейінен 5,6 есе артық, ұсақ мал шығару 6,7 есе ұлғайды және 112 мың басты құрады.
Осы жылдың соңына дейін 200 мыңға жуық ірі қара мал шығарылуы мүмкін. Бұл жағдай ет және ет өнімдері бағасының өсуіне себеп болуы мүмкін, - делінген ВАК шешімінде.
Биыл картоп пен сәбізден жиналған өнім ішкі тұтыну және экспорттық әлеуетті сақтау үшін жеткілікті. Алайда, көрші елдердегі көкөніс картоптың өнімділігі төмен жіне бұл ішкі нарықтағы бағалардың өсуіне әкелуі мүмкін.
Осы объективті көрсеткіштерге сүйене отырып, ВАК ішкі нарықтағы тапшылықты болдырмау және бағаны тұрақтандыру үшін ірі және ұсақ малды, картоп пен сәбізді Қазақстан аумағынан әкетуге тыйым салуды мақұлдау туралы шешім қабылдады.
Министрліктің хабарлауынша, шектеулер желтоқсан айының соңында күшіне енеді.