Теміржолшылар билетті қымбаттатып, жалақыны көтеруді талап етіп отыр
Бұған дейін тариф 13% өскенде жалақы 64% көбейген
«ҚТЖ» ҰК» АҚ-да қазір 110 мыңнан астам адам жұмыс істейді. ҚТЖ-ның мәлімдеуінше, олар үшін жалақыны арттырудың жалғыз көзі тасымалдардан түсетін кірістер. Ол кірістер тарифке тәуелді. Ал теміржол тарифтерінің мөлшерін «Табиғи монополиялар туралы» заңнамаға және Кәсіпкерлік Кодекске сәйкес Табиғи монополияларды реттеу комитеті белгілейді.
Еңбекақыға төленетін шығыстар сол реттелетін тарифтердің ішіне кіреді. Теміржол тарифтерінің өсуін тежеу үшін мемлекеттік уәкілетті орган еңбекақыға төленетін шығыстарды шектеген. Соның салдарынан бекітілген тариф бойынша еңбекақы төлемі магистралдық теміржол желісі жұмысшыларының тиісті жалақысының жартысына да жетпейтін болып қалған.
Осы мәселені шешу мақсатында ҚТЖ Үкіметке және реттеуші органдарға жалақы деңгейін арттыру туралы бірнеше рет өтініш жолдады. 2021-2022 жылдары реттелетін теміржол тарифін 13% арттыру және транзиттік түсім алу есебінен жалақы деңгейін орта есеппен 64% ұлғайтуға мүмкіндік туды. Алайда ол жалақыны 100% көтеруді талап еткен қызметкерлерді қанағаттандырмады, – делінген ресми жауапта.
Сондықтан, ұлттық компанияның ұстанымы бойынша қызметкерлердің жалақысын ұлғайту мәселесін шешу үшін теміржол тарифтерін көтеру қажет, өйткені ұжымдардағы әлеуметтік шиеленіс қауіптерін жоюдың жалғыз мүмкіндігі осы.
2022 жылдың 30 желтоқсанында «Табиғи монополиялар туралы» Заңға өзгертулер енгізілді, бұл нақты жалақы шығындарын реттелетін тарифке қосуға мүмкіндік береді. Енді еңбекақы төлеу жөніндегі шығыстарды тарифке енгізу үшін табиғи монополияларды реттеу комитетіне өтініш беріп, тариф деңгейін талқылау бойынша Жария тыңдаулар өткізу қажет. Комитет тек соның қорытындысы бойынша ғана тарифті көтеру туралы шешім қабылдайды.
Сондықтан ҚТЖ комитет шешімсіз теміржол тарифінің көтерілуі туралы ақпарат бере алмайтынын айтып отыр.
2022 жылы 2021 жылмен салыстырғанда жалақы орта есеппен 40%-ға көтерілді. Алдымен 2022 жылдың қаңтарында жалақы сараланған тәртіппен өсіріліп, одан соң шілде мен қазан айларында өңірлік коэффициенттер ең жоғары облыстық деңгейге дейін теңестірілген. Сондай-ақ 2021 жылы 20%-ға (қаңтардан бастап 10% және шілдеден бастап 10%) өсті.
Айта кетейік, 2022 жылдың 20 желтоқсанында сол кездегі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев 2023 жылы теміржолшылардың жалақысы міндетті түрде өсетінін мәлімдеген еді. Бірақ жалақыны өсіру мәселесі қазіргі тарифке байланысты екенін айтқан.