×

Түркістан облысында Қызыл кітапқа енген жануарларды атқандар ұсталды

Олардан қару-жарақ пен діни әдебиеттер тәркіленген

 Динара Амантай 23.01.2023 | 11:30
Фото: polisia.kz

Түркістан облысында заңсыз аңшылықпен айналысқан күдіктілерден қару-жарақ тәркіленді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Түркістан облысы полиция департаментінің мәліметінше, экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ҰҚКД-мен бірлесіп, арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізген.

Нәтижесінде Қызыл кітапқа енгізілген жабайы жануарларды заңсыз аулау дерегі анықталды. Бұл жайтты ҚР ҚК-нің 339-бабы 1-бөлігі («Өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу») бойынша тіркедік. Жедел уәкілдермен дер кезінде қабылданған шаралардың нәтижесінде Созақ ауданының тұрғындары анықталды, – деді ПД бастығының орынбасары Құрманбек Сахов.

 Ұсталғандардың бірінің арнайы есепте тұратыны белгілі болды. Полиция қызметкерлері күдікке ілінген ер адамдардың үйін тінту кезінде Қызыл кітапқа енгізілген арқарға ұқсас аңның еті, мүйізі мен басын тапты.

Сондай-ақ күдіктілерден екі тіркелмеген атыс қаруы (карабин және аңшылық мылтық), әртүрлі калибрлі 50-ден аса оқ-дәрі, қару-жарақ оптикасы, кісендер, қолдан жасалған пышақ, есірткіге ұқсас заттар мен діни әдебиеттерді тәркіледік. Алынған заттай дәлелдемелерді тиісті сараптамаға жібердік, – деп толықтырды сөзін спикер.

Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілер қамауда. Оқиғаның мән-жайы анықтала түсуде.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама