Қайрат Боранбаев ісі: БАҚ өкілдеріне соттан ақпарат таратуға тыйым салынды
Журналистер іс бойынша сот үкімі жарияланатын кезде шақырылады
Кәсіпкер Қайрат Боранбаев ісі бойынша журналистерге сот отырысынан ақпарат таратуға тыйым салынды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Сот процесі ашық форматта өтіп жатқандықтан, бұған дейін БАҚ өкілдеріне сот отырысынан ақпарат таратуға рұқсат берілген еді.
«Алайда кей журналист өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында сот процесінен видео жариялады. Видеоны монтаждау арқылы оған субтитр қойылған. Сот ескертуінен кейін видео әлеуметтік желідегі парақшасынан өшірілді. Куәгерлер соттан өзінің жеке деректері мен сот процесі барысында берген жауабы БАҚ беттерінде жарияланбауын сұрады», - деді Сарыарқа ауданы №2 аудандық сотының судьясы Назгүл Бапақова.
Журналистер өзінің жеке пікірі арқылы сот тергеуі туралы алдын ала қоғамда теріс пікір қалыптастыруға тырысады, бұл заңға қайшы келеді, - деді судья.
Сол себепті судья сот процесінен аудио және видео түсіруге тыйым салды. Соттың бұл шешімі талқыланбайды. Судьяның айтуынша, сот процесі аяқталғанға дейін сот залынан ақпарат таратуға толық тыйым салынады.
БАҚ өкілдері іс бойынша сот үкімі жарияланатын кезде шақырылады, - деді судья.
Айта кетейік, 2022 жылдың 30 желтоқсанында Астанада Қайрат Боранбаевқа қатысты басты сот талқылауы басталды.
Тергеу мәліметіне сәйкес, Қайрат Боранбаев өзінің сенімді адамы Роман Нахановпен, Ибулла Серді және Тайыр Жанұзақпен бірге 2019 жылдың 1 шілдесінен 2022 жылдың 11 ақпанына дейін «АзияГазЧунджа» ЖШС пен «QazaqGaz» ҰК» АҚ арасында келісімге келген. Компания АҚ-мен 2 млн 26 мың 419 текше метр көлемінде жалпы сомасы 141 681 676 272 теңгеге газ жеткізуге келіскен.
«Жанұзақ жағдай жасап, «QazaqGaz» ҰК» АҚ-дан «АзияГазЧунджа» ЖШС-ның «Қазақстан Халық банкі» АҚ-дағы шотына газ жеткізгені үшін қосымша құн салығын қосқанда 141 681 676 272 теңге аударылған. «QazaqGaz» ҰК» АҚ көрсетілген көлемдегі тауарды тікелей «Газпром-экспорт» арқылы 1000 текше метрі үшін 145 АҚШ доллары бағасына 127 116 358 270 теңгеге алады. Осылайша Жанұзақ Серді, Боранбаев және Наханов 2019 жылдың 1 шілдесі мен 2020 жылдың 23 қаңтарына дейінгі аралықта 14 565 318 010 теңге сомасына мемлекет қаражатын жұмсаған», - деді мемлекеттік айыптаушы.
Сотталушылар тауарды арзанға алуға болатынына қарамастан, «АзияГазЧунджа» ЖШС арқылы қымбатқа сатып алған.
Кәсіпкер Қайрат Боранбаев, Роман Наханов және Тайыр Жанұзақ сот процесі барысында айыптау актісімен келіспеді.